Тегін көрсетілетін медициналық қызмет түрлері қысқарады
Елімізде тегін көрсетілетін медициналық қызмет түрлері азаяды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты. Қазір мемлекеттік ауруханаларда аурудың 13 түрі тегін емделеді. 2027 жылға дейін оның 7-еуі бұл тізімнен алынып, жұмыс берушілердің қаражатынан төленуі мүмкін. Бұл – медициналық қызметтердің барлығы дерлік міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы жасалады деген сөз. Ал тегін көмектің тізбесінде туберкулез, обыр, иммунтапшылық вирустары секілді 6 ауру түрі қалады. Осылайша, денсаулық сақтау жүйесі түбегейлі жаңарып, күрмеуі шешілмеген мәселелер реттеледі, - дейді Әлназарова.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Әлі нағыз медициналық сақтандыру моделіне көше алмай отырмыз. Салдарынан науқастардың дәрігерге қаралуы үшін бірнеше ай бойы кезекте тұруы, кей тегін қызметтерді ақылы алуы секілді олқылықтар туындап отыр. Сондықтан қай ауру түрінің қандай жүйе арқылы емделетінін бөліп қарастыру керек.

