Техника астында қалмас үшін тасбақалар қауіпсіз жерге көшірілді
Егін науқаны ерте басталған Түркістан облысындағы
шаруалар тағы бір тосын жайтқа тап болып жатыр. Бұл өңірде тасбақалар қаптап
кеткен. Әсіресе, Отырар ауданында жорғалаушылар ауыр техникалар жұмыс істейтін
алқаптарда өте көп. «Тасбақа» табиғатты қорғау қоры мен «Сырдария-Түркістан»
өңірлік паркінің мамандары шамамен 8 мыңға жуық тасбақаны жинап, қауіпсіз жерге
шығарған. Бұл іске еріктілер де қосылған. Тақырыпты осы өңірдегі тілшіміз толықтырсын.
Отырардың мына жазық
даласы санаулы күнде егіс алқабына айналмақ. Алайда, бұл аумақ — мыңдаған
тасбақаның байырғы мекені. Трактор соқасы жерді аударғанда, баяу қозғалатын
жануарлардың аман қалуы екіталай. Сондықтан «Тасбақа» табиғатты қорғау қорының
еріктілері бір аптадан бері әр бұтаның астын тінтіп, жорғалаушыларды жинап
жатыр. 9 ай бойы жер астында ұйқыда жатқан жануарлар көктем шыға қорек іздеп
сыртқа шыққанда, ажал қақпанына жиі түседі.

