Туристік аймақтар ретке келтіріліп жатыр

Туристік аймақтар ретке келтіріліп жатыр

«Таза Қазақстан» акциясына Алматы облысы бойынша 300 мың адам қатысқан. Бұл облыстар ішіндегі ең ауқымды көрсеткіштің бірі. Бүгін Қонаев қаласында экошараның кезекті қорытындысы жасалған брифинг өтті. «Таза Қазақстан» жалпы республикалық акцияның мақсаты – табиғатты қорғау және халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

7 мың тонна – Алматы облысының аумағынан жыл басынан бері дәл осындай көлем қоқыс шығарылған. Осы жолғы шараға да аз адам қатысқан жоқ. Шамамен 20 мыңнан астам адам тартылған. Еріктілер туристік нысандардың шетін реттеп шыққан. Таза жерге туристер де көп келеді. Мәселен, былтыр аймаққа 660 мыңнан астам турист келген.

Қуанышбек Мейрамбекұлы, Алматы облысының туризм басқармасының басшысы:

- Қытай, Өзбекстан, Ресей, Беларусьтан және де Кореядан туристер жақсы келіп жатыр. Ең көп айыппұл салынатын ол – ішкі туристтерге. Шетелдік туристер келіп қоқыс тастаған жағдайлар өте аз.

Тазалық бар жерде тәртіп те бар. Сондықтан экологияға зиян келтіріп, ережені бұзғандар шетінен әкімшілік жауапқа тартылып жатыр. Қазір Алматы облысында 9 мыңнан астам бейнекамера қызмет етіп тұр. Ешкімді жазалап тазалыққа үйрете алмайсың. Бірақ экомәдениетті күнделікті тазалық жүргізумен дағдыға айналдырасың.

Төлеген Кенжебеков, Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Ауыл айнасы конкурсын біз бастап отырмыз. Бұл жердегі мақсатымыз – әр ауыл тұрғыны, әр ауылдың азаматы өзінің ауылын таза әрі көрікті етіп көрсетуіне мүмкіндік беру. Күз уақытында бағалы сыйлықтармен марапаттайтын боламыз.

Қазір облыста жылына 850 мың тонна қоқысты сұрыптауға қауқарлы зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Заманауи кешен 2026 жылдың соңына дейін толық іске қосылуы тиіс. Жалпы атқарылып жатқан экошаралар өңірдің экологиялық брендін қалыптастырып, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы орта жасауға бағытталған.