Түркі әлемінің шахматшылары жиналды
Астанада алғаш рет шахматтан Түркі мемлекеттері арасындағы командалық турнир басталды. Қазақ ұлттық спорт университетінде өткен жарысқа бауырлас халықтың 5 елінен 21 команда қатысып жатыр. Турнир Астана қаласының әкімдігі, Туризм және спорт министрлігі, халықаралық мектеп шахмат федерациясы Фридом Холдинг қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Астана төрінде ақыл-ойдың нағыз майданы басталды. Бұл доданың басты ерекшелігі мұнда Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан мен Түрікменстанның ең үздік шеберлері бас қосты. Әр команда бес негізгі ойыншыдан тұрады. Жарыс «жаңа классика» форматында, яғни 45 минуттық уақыт бақылауымен өткізілді.
Тимур Турлов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті:
- Бұл турнир бауырлас халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықтың символы. Оның Түркі мемлекеттерінің саммитімен тұспа-тұс келуі біз үшін үлкен мәртебе. Біздің мақсатымыз — аймақтың ең үздік шахматшыларын жинап, спортшыларымызға әлемдік деңгейдегі шеберлермен ойнауға мүмкіндік беру.
Бүгін Қазақстан намысын әр санатта екі құрамадан қорғайды. Ерлер арасында Қазыбек Нөгербек пен Денис Махнёв бастаған шеберлер болса, әйелдер сапында Алуа Нұрман мен Меруерт Камалиденова секілді халықаралық гроссмейстерлер бар. Алайда бәсеке оңай емес. Бұл турнирдің басты қарсыластары Өзбекстанның ерлер командасы дейді Сауат.
Сауат Нұрғалиев, жас шахматшы:
- Осы жарысқа мен өте қатты дайындалдым. Бір күніне 7-8 сағат дайындалдым. Қазір мен чемпионат Казахстана атағын алдым. Және мен осы жарысқа өте қуаныштымын.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 27 миллион теңге. Жеңімпаз командалар кубоктан бөлек, қомақты ақшалай сыйлықтарға ие болады. Бірақ шахматшылар үшін ең басты сый – Түркі әлемінің тұңғыш чемпионы атағына ие болу. Жарыс 17 мамырға дейін жалғасады.

