Үлкен Алматы көлі
Іле Алатау ұлттық паркінде орналасқан бірегей нысан Үлкен Алматы көлінің бұрынғы атауы Жосалыкөл болған. Өткен ғасырдың 30 жылдары Алматы қаласының тұрғындары ескекті қайықпен жүзетін тамаша демалыс орыны болған. Бұл шатқалға көлік жете алмайды, сондықтан қала тұрғындары жаяу жеткен.
Көл ежелгі мұздықтың үйінділерінен құралған. Ауа райының салқын болуына орай, бұл жерде тау беткейлеріндегі адамдар мен жануарларды мазалайтын шыбын да, маса да жоқ. Көл суы қазан айында қата бастайды. Мұзы қатты, 171 күннен 208 күнге дейін ерімей, шыдас береді. Көл тереңдігі – 45 м. Жазда судың бетіндегі температура 10° шамасында болса, кейбір ыстық жылдары 12-13°-қа дейін жетеді.
Көл суының сапасы өте жақсы. Қазіргі уақытта бұл көл Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. Көл суының түсі таңғаларлықтай өзгереді: бір күн ішінде бірде зеңгір көк болып тұрса, енді бірде көгілдір, ашық көк түске құбылады.