Ұлттық ойындар - баланың тілін ұштайды

Ұлттық ойындар - баланың тілін ұштайды

Тілі мен психикалық дамуында тежелісі бар балаларды ұлттық ойындар мен этнопедагогикамен «емдеуге» болады. Логопед-дефектологтар осындай тұжырым жасауда. Мамандардың айтуынша, асық ойнау, сүйек мүжу, баланы бесікке бөлеу, кішкентайынан тақпақ жаттатып, ертегі оқып беру - күрмелген тілді түзейді. Өкініштісі, қазіргі цифрлық заманда, ұлттық құндылықтар шетке ысырылып, үлкен-кішінің есіл-дерті смартфонға, әлеуметтік желіге ауды. Ал қоғамдағы көп кеселдің себебі осында жатыр.  

Мақпал Рахатқызы, Тілші: 

- Асық ойнау – моториканы тез дамытып, бүлдіршіннің логикалық қабілетін күшейтеді. Оның оннан астам түрі белгілі. Бұл ойын баланың тілі уақытылы шығуына ықпал етеді, - дейді мамандар. 

Астанада асық ойнататын орталықтар аз емес. Балнұр Ашықбаева тілі шықпаған 3 жасар інісін осында сүйреп жүргеніне жарты жыл болды. Басында былдырлап, сөйлей алмайтын бала қазір өз ойын жеткізе алатын деңгейге жетті.  

Балнұр Ашықпаева, Астана қаласының тұрғыны: 

- Інімді алып келем, алты айдай уақыт болды. «Развития речи» диагноз қойған соң орталықтарды іздеп бірден келдік. Біз екінші курсын алып жатырмыз, осы курстан кейін тоқтатамыз. 

Дефектолог-логопед Шолпан Аянғалиқызы бала тілін ұлттық педагогикамен ұштауға болады дейді. Айтуынша, әлди естімеген, бесікке бөленбеген, сүйек мүжімеген, тақпақ жаттамаған бүлдіршіннің тақылдап, ерте сөйлеп кетуі екіталай.  

Шолпан Аянғалиқызы, ҚР Дефектолог-логопедтер ассоциациясының төрайымы: 

- Асық ойнау, бесікке бөлеу болған, ұлттық педагогикамызда сүйек мүжу болған, соның барлығы біздің ұлттық педагогикамызбен келген. Бұл бесікке бөлеу деген баланың үш негізгі жүйесін қалыптастырады. Ол пропрецетивті, вестибулярлы, тактильді деп үшке бөлінеді. Яғни бала бесікке бөленіп жатқан кезде өз денесін сезеді. Біз қазір не дейміз, жоқ ол болмайды деп айтамыз.Бірақ бұның барлығы біздің ата-бабамыздан келген дүние. 

Дефектологтардың бұл пікірін этнопедагогтар да қоштайды. Құндыз Оралжан бала күтімі мен тәрбиесі туралы көп біледі. Өйткені үшемдердің анасы. Оларға кішкентайынан күй тыңдатты. Ертегі оқыды. Талмай таппақ жаттатты. Соның арқасында үшемдердің таңдайы тақылдап тұр.  

Құндыз Оралжан, Этнопедагог: 

- Бұрын міне желке же, шашың өседі. Желкені талдап талдап жегенде баланың жақ сүйектері тіл, барлығы жұмыс жасайды. Бұл кәдімгідей жаттығу. Аналарға айтар едім. Балаларыңызға қорықпай сүйек, қатты құрт беру керек. қызыл иектің қатты бекуі өте маңызды. Өйткені балаларда тілден бөлек тістерінің қарайып түсіп қалуы мәселе боп жатыр. 

Дина Рақымжанқызы қазақша логоритмикалық әндердің авторы. Қазір оң-солын танымайтын бала түгіл, ересектердің өздері Тик-токтың тұтқынына айналған. Ал ондағы орысша, ағылшынша аралас қойыртпақ контент балғындарды тілін одан сайын байлай түседі.  

Дина Рахымжанқызы, Логопед:  

- Баламен сөйлесу керек. Далаға шығып: «Әли, қарашы мына жерде гүл өсіп тұр. Кеше байқамаған сияқты едік. Әне, талдарда жасыл жапырақтар өсіп қалыпты, уау» деп осылай баламен эмоциямен сөйлессе, сонда бала тезірек сөйлейді. 

Қазір Қазақстанда сөйлеуі қиындаған 77 мың бала есепте тұр. Оларға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсететін елімізде 500-дей білім беру мекемесі бар. Оның 99-сы арнайы мектеп, 45 балабақша, 221 түзету кабинеті бар. Мамандар осы мекемелерге ұлттық педагогикаға негізделген арнайы бағдарламаны енгізу міндеттелсе, көп мәселенің күрмеуі шешілер еді, деп сенеді.