Вируспен күрес күшейтілді. Тұмаудан қалай емделген дұрыс?

Вируспен күрес күшейтілді. Тұмаудан қалай емделген дұрыс?

Соңғы аптада тұмау жұқтырған балалар саны біршама азайып келеді. Әйтпесе, бұған дейін Астанадағы №2 қалалық аурухананың өзі тәулігіне кемі 50-ден аса науқасты қабылдаған. Дегенмен, дәрігерлер вирусқа қарсы қауіпсіздік шарасын күшейте түскен. Мамандар үйде ем аламыз деп ауруын асқындырып алатындардың да барын айтады. Ендеше, тұмауратып қалмас үшін не істеу керек? Дәрігерлер кеңесін әріптесім Мақпал Рахатқызы тыңдап қайтты.


Тамағы ауырып, бастың айналуы, қызуы көтеріліп, мұрыннан қан кету - бұл қазір өршіп тұрған вирустың басты белгілері. Екі баласы қатарынан тұмауратқан Дарья соңғы күндері ауруханаға жиі келетіндердің бірі. Ол кішісінің температурасы 39-ға дейін барғанын айтады.  


Дарья Шафаростова, екі баланың анасы:


- Қызуы қатты болды, 39-дан көп. Бұл шамамен 4 күндей жалғасқан шығар. Қатты қиналып кеттік. Соңғы күндері үлкенім балабақшаға бармайтын болды. Онда болса, қайта бірдеңе жұқтырып келетін сияқты. Бір апта болды балаларымның жанындамын.


№2  қалалық аурухананың жедел -жәрдем бөліміне алдыңғы айларда күніне 100 -ден аса қоңырау түскен. Ауырғандардың тең жартысы балалар. Қазір бұл орталықта тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы мобильді бөлім де бар. Мұндағы кезекші дәрігерлер бүлдіршіндерге дер кезінде көмек көрсетуге барынша тырысып жатыр. 


Раушан Тектібаева, №2 қалалық аурухананың дәрігер-педиатры:

- Асқынып құлағына немесе өкпесіне қарай ол кезде антибиотик қосуға болады. Бірақ дәрігердің қарауынан кейін ғана. Себебі олар бауырға, бүйрекке әсерін тигізеді... Мұнда кеп жатқан адамдар көп қой, жарты күндеп қабылдау бөлімінде отырады. Ол жерден де қосымша инфекция жұқтырып алып келетін кездер болады.


Дәрігерлер тұмаудан қорғану үшін жылы су мен сұйық тамақ көп ішуге кеңес береді.  Әрине, жеке гигиенаны сақтап, көшеде маска тағып жүрген де дұрыс. Ең жақсысы, вирус жұққан сәтте бірден мамандарға келіп, ем-домға нұсқаулық алу.