Жаңа құрылыс кодексі күшіне енді
Енді Қазақстанда
салынып жатқан әрбір тұрғын үй мен нысанның құрылысы мемлекеттің жіті
бақылауында болады. Нысанның құрылысын жоспарлаудан бастап, пайдалануға
берілгенге дейін жолда бірнеше тексеру процесінен өтуі тиіс. Ал қандай да бір
талап орындамаған жағдайда құрылыс компаниясы бірден қара тізімге ілігеді.
Төбесі құлап,
қабырғасы сүрілген, сапасы нашар тұрғын үйлерге тосқауыл бар. Енді жаңа
пәтерлер жіті тексерістен өтеді. Яғни құрылыс жобасы әзірленіп, толықтай
пайдалануға берілгенге дейін бақыланатын болады.
Нұрдәулет Егізеков,
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жобалық кеңсе басшысы:
- Бірінші айта кететін
мәселе бұл жерде құрылыстың өмірлік циклының барлық кезеңін қамтиды. Құрылыс
нысанын жоспарлау, жобасын сызу, оны экплуатацияға беру, және пайдалануға беру,
және оны бұзу. Соның барлығы қамтылған.
Жаңа заңға сәйкес,
үйдің сапа кепілі 10 жылға дейін созылмақ. Оған үйдің шатыры, сыртқы жабыны,
іргетасы жатады. Ал жалпы құрылыстың кепіл мерзімі 5 жылға дейін делінген.
Осыған байланысты қара тізімге енген құрылыс компанияларының арнайы реестрі
жұмыс істеп тұр. Енді әр аймақта олардың тізімі жасалып, сайтта жарияланбақ.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты:
- Жалпы үй 50 жыл тұруы
керек, 2 жыл емес. Бірақ көрдіңіздер ме, қанша жыл бойы алдап келген.Үйлер
қымбат. Сапасыз үйлер салатындардың реестрін жасайтын болдық. Осы арқылы әрине
бақылау күшейтеміз.Екіншіден жақсы компанияларға мүмкіндік.
Биылдан бастап,
салынып жатқан әр нысан мемлекеттің жіті бақылауында болады. Қысқасы, аурухана
мен мектеп сияқты маңызды нысандар салынуы тиіс аумақтар нақты айқындалады. Бұл
жерлерге заңсыз тұрғын үйлер, тойханалар және ойын-сауық орталықтары салынбайды.
Яғни жеке құрылыс компаниялары қаланың сәулет жоспарына сай әрекет етеді. Осы
ретте мұндай жерлерді заңсыз беруге де тыйым бар. Демек, жергілікті мекемелер
бармақ басты, көз қыстыға бара алмайды.
Виктор Микрюков,
Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының төрағасы:
- Құрылыстың сапасы
көңіл көншітпеген кездері болды. Ендігі
үйдің, нысанның сызбасы мен тұрғылықты мекенжайы келісім жасалмай тұрып,
жіті қадағаланады. Ол алдымен мемлекеттік экспертизадан өтеді. Егер аталған
шарттар мен көрсетілімдерге сәйкес болмаса
салуға рұқсат берілмейді.
Айта кетейік, елде
осыған дейін 183 нысан заңсыз соғылыпты. Оның
26 -сы Астанада, 28-і Алматы облысында, ал ең көбі 43 екен. Ол
Қарағандыда салынған. Жаңа кодекс биылдан бастап күшіне енді. Бұдан былай
тұрғындардың қауіпсіздігі жіті қорғалады дейді жауаптылар. Ал жалпы ел бойынша
жауапсыз құрылыс компаниясы деп танылып, қара тізімге 147 мекеме кірген.
Авторы: Мақпал
Рахатқызы

