Жас мамандарға жол ашқан жоба

Жас мамандарға жол ашқан жоба

«Қазақмыс Барлау» жас мамандарды даярлау бағдарламаларын жүйелі түрде жетілдіріп келеді. Геология ғылымына қызыққан мектеп оқушыларына апта сайын онлайн-сабақ ұйымдастырып, тек биылдың өзінде кәсіпорын 60-қа жуық студентті өндірістік тәжірибеден өткізді. Ал өз қызметкерлері арасында шетелде тағылымдамаға барып-келген жас мамандар да бар. Өндірістің қыр- сырын мектептен бастап үйрету жүйесі арқылы компания болашақ кадрлардың кәсіби өсуіне жағдай жасап отыр.

Мағжан Жұбан «Қазақмыстағы» еңбек жолын 4 жыл бұрын бастаған. Алғашында 2-дәрежелі геолог болған. Қазір бас инженер. Жақында ол компанияның қолдауымен АҚШ-тың беделді жоғары оқу орыны Colorado school of Mines-те 1 жылдық ғылыми тағылымдамадан өтіп келді. «Жинаған білімім мен тәжірибемді елдегі геологиялық барлау ісінің дамуына арнағым келеді», - деді жас маман.

Мағжан Жұбан, Бас инженер:

- Колорадода орналасқан Самитвилл деген месторождениені зерттедік. Ол технология бізге жаңа көзбен минералдық құрамды көруге мүмкіндік береді. Ол біздің жұмысымызды әрі қарай жетілдіруге, анализ жасауға зор үлесін қосады. Ғылым ол бір орында тұрмайды. Әсіресе біздің салада. Сол үшін біз жастар, ізденіп, еңбек етуіміз керек.

«Қазақмыс Барлау» компаниясының 48 пайызы - жас мамандар. Сондықтан кәсіпорын болашақ кадрларды мектеп қабырғасынан бастап тәрбиелеуге де ерекше мән береді. Ұйым еліміз бойынша 900-ден астам оқушы қатысатын «Жас геолог» олимпиадаларына қолдау көрсетіп, дәрістер мен оқу-тәжірибелік сабақ берілді. Оған қоса, «Қазақмыс Барлау» жоғары техникалық оқу орындарымен де тығыз байланыс орнатқан. Жыл сайын кәсіпорында 60-тан астам студент жазғы өндірістік тәжірибе жинақтайды.

Алмат Әбдікешов, «Kazakhmys Barlau» компаниясының техникалық директоры:

- Біз жылда сол оқу орындарының студенттерін практикаға аламыз. Ол ақылы. Толыққанды бүкіл үрдістерімізге қыз-жіттер қатыса алады. Бұрғылаушының көмекшісі де болып біршама бала практикадан өтті. Сонымен бірге геологиялық департаменттерімізде балалар толыққанды полевой геологтың қызметін атқарып, тиісті ақыларын алып, практикаларын тәмәмдады.

Жезқазған қаласында ашылған геологиялық кластер де осы жұмыстың бір бөлігі. Мұнда ғылым, білім және өндіріс бір арнаға тоғысып, болашақ геологтар заманауи талаптарға сай даярланып жатыр. Кластер аясында шетелдік сарапшылар келіп, тәжірибелерімен бөлісіп, арнайы дәрістер өткізеді. Сонымен қатар, мұнда жабдықталған оқу сыныптары мен халықаралық ғылыми деректер қорына қолжетімді заманауи кітапхана жұмыс істейді. Осылайша, кәсіпорын білімге жүйелі түрде инвестиция сала отырып, алдағы үш жылда халықаралық стандарттарға сай білікті мамандар пулын қалыптастырмақ.