Жасанды интеллект: ЕАЭО ғаламдық үдеріс көшінен кеш қалмауы керек
Еуразиялық экономикалық одақ ғаламдық үдеріс көшінен кеш
қалмауы керек. Әсіресе, дүние жүзінде жасанды интеллект саласындағы
бәсекелестік күннен күнге артып келе жатқанда. Қасым-Жомарт Тоқаев Минскте
өткен Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөз сөйлеп, ұйымға
мүше мемлекеттерге тенденциядан қалыс қалмауға шақырды. Биылғы форумның тақырыбы - «Еуразиялық
экономикалық интеграция стратегиясы: қорытынды мен перспектива» аясында болды.
Ұйымға мүше 5 мемлекеттің экономикалық әлеуеті қазір 2,6 триллион долларға
жеткен. Президенттің айтуынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік
ЖІӨ-ге 15 триллион доллардан астам үлес қосып, кемі 300 миллионға дейін жұмыс
орнын алмастыруы мүмкін. Міне, осындай заманауи сын-қатерлер экономиканы
өркендетуде жаңа тәсілдерге жүгінуді талап етеді. Қазірдің өзінде жасанды
интеллект коммуникация, көлік, энергетика, өндіріс, денсаулық сақтау және білім
беру секілді салаларда өте белсенді.

