Жекеменшік мектептерді мемлекет қаржыландырмайды

Жекеменшік мектептерді мемлекет қаржыландырмайды

Енді жеке элиталы мектептерге бюджеттен қаржы бөлінбейді. Мемлекеттік тапсырысты орнатуға маратория жарияланды. Дегенмен инвестициялық шығынды өтеу механизмі сақталады. Лицензияланған болса да мұндай білім ошақтарын бақылау жүйесі күшейеді. Үкімет Президенттің Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмаларын орындауға кірісті. Олжас Бектенов әкімдер мен министрлерге өз міндеттерін тек қағаз жүзінде емес іс жүзінде орындау керек деп тағы бір рет ескертті.

Министрлер кабинеті құрылтайды күтпей-ақ жаңашылдық енгізуді бастап кеткен. Мысалы, тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттау ісі үш жыл қатарынан күн тәртібінен түскен жоқ. Былтыр ЮНЕСКО тізіміне 11 нысан ұсынылды. Күні кеше Президент Ұлттық құрылтайда Қаратау жотасындағы петроглифтерді де Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізуді тапсырған. Жауапты ведмоства биыл осы мақсатта жұмыс істейміз деп отыр.

Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі:

- Жаркент мешіті мен Вознесенск соборын біріктіретін номинация, Қаратау жотасындағы петроглифтерді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылатын болады. «Абайдың қара сөздері» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу үшін тиісті құжаттар сараптамалық бағалауға жолданды.

Бұдан бөлек мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі заңды және жеке тұлғалар үшін егжей-тегжейлі регламенттеледі. Нормативтік актілерге өзгерістер енгізіліп, көрнекі нұсқаулықтар дайындалады. Ал Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсететін азаматтар ынталандырылады.  Айтпақшы, Вице-премьер жекеменшік білім ұяларына мемлекеттік тапсырыс беру тоқтағанын айтты.

Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі:

- Мемлекеттік қаржыландыру енді тек өңірдегі нақты қажеттілік бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталады. Бұл ретте мемлекеттік мектептердің болмауы, үш ауысымды оқытуды жою және апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарының салынуы негізгі басымдық ретінде айқындалып отыр.

Халықтың медиасауаттылығын арттыруға және тәуелсіз БАҚ-ты қолдауға ерекше назар аударылады. Бұл бағытта салалық журналистиканы дамыту комиссиясы және басқа да тетіктер арқылы тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен БАҚ арасындағы жарнама бөлу заңнамалық тұрғыдан реттелетін болды. Оған қоса бұған дейін тыйым салынып келген кейбір тауар түрлеріне ішінара рұқсат берілуі мүмкін.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы елімізді ауқымды жаңғыртудың бірыңғай ұзақмерзімді стратегиясымен үндесіп жатыр. Оларды жүзеге асыру барлық құрылымның нақты әрі үйлесімді жұмысына байланысты. Әрбір басшы дербес жауапты болады.

Аталған мәселелер Президенттің Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмаларының бір парасы ғана. Жалпы Үкімет алдында тез әрі сапалы жасалуы керек жұмыс қыруар. Сондықтан Премьер-министрі әрбір министр мен әкімнен, әрбір сала мен өңірден нақты нәтиже күтетінін айтты.