Жетісудің үздік спортшылары марапатталды
Бүгін Жетісудың үздік
спортшылары марапатталды. Биыл осы аймақтағы спортшылары қатарында халықаралық
және республикалық сайыстар бар, барлығынан 1200-ден астам медаль әкеліпті.
Әрине, бұл бір аймақтың ғана емес, бүтін Қазақстанның жетістігі. Сондықтан ел
намысын қорғап жүрген батырлар мен олардың бапкерлеріне құрметтің көрсетілуі
қажет-ақ. Марапат спорт ардагерлеріне де берілді.
Жыл басынан бері
Жетісу облысында 9 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 57 спорт шебері
даярланды. Бұл көрсеткіштер - жаттықтырушылар мен спортшылардың жүйелі әрі
мақсатты еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі марапатталушылардың барлығы дерлік
құрметке лайық, алайда ерекше атап өтетін жетістік - пара пауэрлифтингтен әлем
чемпионы атанған Раушан Қойшыбаева. Ол талай халықаралық жарыстардың жеңімпазы.
Жетістігін одан әрі де жалғастыруға ниетті.
Раушан Қойшыбаева,
Парапауэрлифтингтен әлем чемпионы:
- Биылғы жыл өте
нәтижелі өтті. Келер жылы ең бірінші баспалдақ мынау Азия семпионаты. Ол
Тайландта өтетін болады. Осы көктем апрель айында болады. Соған ең бірінші
дайындықтарымыз қазір қызу жүріп жатыр. Енді осы алдағы Азия чемпионатынан
мүдірмей өту керек.
Бүгінде өңірде
1150-ден астам спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Спорт инфрақұрылымын дамыту
бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде: биыл 3 заманауи спорт кешені
пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жақын арада аяқталуы жоспарланған тағы 6
спорт нысанының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Ұлан Рысқұл, Жетісу
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Олар 365 күннің 300
күнін сыртта жүреді ғой жаңағы далада, сборда, жаттығуда, жарыста. Сондықтан
осындай бір үлкен форматта өткізгіміз келді. Бұл спортшыны ары қарай да
жігерлендіреді.
Салтанатты шарада
200-ден аса спорт саңлақтары марапатталды. Олардың қатарында спортшылар,
бапкерлер, сала қызметкерлері, БАҚ өкілдері мен спорт ардагерлері бар. Бұл
іс-шара өңір спортының дамуын атап өтуге және жаңа жетістіктерге ұмтылуға арналған
маңызды көрініс.
Авторы: Пана Анитова

