2023 жылы ЕАДБ инвестицияларының жартысынан көбі Қазақстанға бағытталады

Келер жылы Еуразиялық даму банкі инвестицияларының жартысынан астамын Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыруға бағыттамақ. Осылайша, ел экономикасының негізгі салаларына тағы 1,1 млрд доллар қаржы салуды  көздеп отыр. Бұл сома  Алматыдағы 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту,  Түркістан облысында бу-газ қондырғысы базасында электр станциясын салу, сондай-ақ Жамбыл және Қостанай облыстарында жел электр станцияларын іске қосу сынды ірі жобаларға жұмсалатын болады.

Жалпы, банктің алдағы 5 жылдық стратегиясы аясында елімізге кем дегенде 3,8 млрд доллар қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы қаржы институты мәлімдеді. Осылайша, халықаралық қаржы институты елімізге инвесторлардың қызығушылығын оятып, сырттан қаржы ағынының артуына серпін беруге ниетті. Сарапшылар Еуразиялық даму банкі Қазақстан экономикасына шамамен 10 млрд доллар қаржы тарта алады деп есептейді. Негізінен «жасыл» экономика, азық-түлік қауіпсіздігі, инфроқұрылымды жаңғырту, қазақстандық экспорттың әлеуетін арттыру, «БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу» бағыттарына аса тартымды болмақ. Айта кетейік, банк биыл өнеркәсіп, азық-түлік, көлік, баламалы қуат көздері және қаржы саласларындағы жобаларды іске асыруға ден қойды.