90 қала мен 6 мың ауыл ауыз сумен толық қамтылды
6 мыңнан астам ауылда таза су мәселесі толық шешілді. Бұл шамамен 7,5 млн халық бұрынғыдай бұлақ кезіп, алыстан шелектеп, арбалап тіршілік нәрін тасып ішу машақатынан құтылып отыр деген сөз. Су қазір көбінің үйіне дейін кірген. Тағы 90 қаланың жұрты осы қатарда. Бүгін Үкіметте ауыз су бағдарламасына жауапты ведомстволардың басшылары есеп беріп, барлық атқарған жұмыстарын жіпке тізіп шықты. Президент тапсырмасымен қайтарылған активтердің де қаражаты осы шаруашылыққа жұмсалған. Зұлқарнай Ермұратұлы баяндайды.
Ауыз суды арбалап тасып ішетін ауылдардың қатары азайып келеді. Былтырдың өзінде Үкімет 1600 жобаны жүзеге асырып, 7 млн тұрғынды тазу суға қол жетімді етіпті. Тағы 699 ауылға су тазартатын кешенді-блок модульдер орнатылыпты. Жалпы ұзындығы 9,5 мың шақырып желі тартылған. Бұл бір атқарылған үлкен шаруа дейді суға жауапты вице-министр.
Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- 2026 жылға жалпы трансферттер аясында 128 млрд теңге бөлінді, оның ішінде сумен жабдықтауға – 78 млрд теңге, су бұруға 50 млрд теңге бағытталған.
Әрине, жұмыс осымен тоқтамақ емес. Енді энергетика мен коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған ұлттық жобаны жүзеге асыру міндеті күтіп тұр. Ол үшін сырттан 1,9 трлн теңге инвестиция тарту қажет. Бұл қаражаттың бір бөлігі 2,8 мың шақырым су бұру жүйесіне кетсе, тағы жартысы 5 мың шақырым кәріз құбыры жаңғыртылмақ. Нәтижесінде 2030 жылға қарай кем кетіктің 41 пайызы реттеліп бітуі тиіс.
Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Жобаларды кешенді жоспарлау және бақылау үшін Техникалық оператор институты енгізілді. Оның басты қызметі – табиғи монополия субъектілерінің өтінімдерін қарау, жобалау кезінде қазақстандық өнімге басымдық беру, техникалық-технологиялық шешімдерді сараптау мен мониторинг жүргізу.
Айтпақшы, биыл жерасты суларын кешенді пайдаланудың тұжырымдамасы жасалады. Құжат су игерудің тиімділігін едәуір арттыруға жол ашады. Себебі, қазір елде 4 мыңнан астам жерасты су көздері барланған. Бірақ, оның бар жоғы-10 пайызын ғана пайдаланылады.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Жерасты сулары жеткілікті зерттелмеген, қорлардың едәуір бөлігі барланбаған күйде қалып отыр, ал олардың нақты әлеуетін айқындау үшін қосымша ауқымды зерттеулер мен бағалау жүргізу қажет.
Судың да сұрауы бар. Сондықтан, ысырапшылдыққа жол бермеу керек, - деді Үкімет басшысы. Ауыз сумен қамтамасыз ету – үздіксіз процесс екенін айтып, жауапты органдарға бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау жобаларын жүзеге асыру аяқталды. Дегенмен, ауыз сумен қамтамасыз ету – үздіксіз жүретін процесс. Сондықтан барлық жауапты мемлекеттік органдар бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауы қажет.
Биылғы вегетациялық
кезеңде су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін деген болжам бар.
Сондықтан, ауылшаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізудің маңызы зор.
Ал, бұл – саланы цифрландыру арқылы жүзеге асады.

