Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңгеден төленеді

Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңгеден төленеді

Министрлер кабинетінің басшысы Үкіметтің арнайы комиссиясына осындай тапсырма берді. Айта кетейік, комиссия  төтенше жағдайдың себептерін анықтау және салдарын жою үшін құрылды. Оның құрамына салалық министрліктер мен құқық қорғау органдарының өкілдері кірді. Премьер-министр Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою және одан зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шараларын көрсету мәселелері жөнінде жедел кеңес өткізді. Сонымен қатар Әлихан Смайылов өрт ошақтарын ерте анықтау, бейнебақылау және мониторинг жүйелерін енгізе отырып, табиғатты қорғау және орман мекемелерін нормативтік материалдық-техникалық жағынан жарақтандыру қажеттігін атап өтті.

Динара Әлімова, ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы:

- Өртте қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінеді.  Сондай-ақ қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларын қажетті қолдау шараларымен қамтамасыз  ету үшін жеке қор құрылды. Бұдан бөлек, еліміздегі 40-тан астам ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардан шыққан студенттерге грант бөлуге және жатақханадан орын беруге дайын. Ал ақылы түрде оқитын студенттерді грантқа ауыстыру қарастырылған.