Енді салық төлемдерін «Е-Salyq Azamat» қосымшасы арқылы бақылауға болады
Бұдан былай салық өтемдері бойынша артық төлемді мобильді қосымша арқылы бақылауға болады. «Е-Salyq Azamat» қосымшасының мүмкіндіктері жайында баспасөз мәслихаты барысында мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жайдар Інкербек айтып берді.
Оның айтуынша, артылған соманы енді өзге салық түрлерін жабуға немесе қайта банктік картаға аударуға болады. Қызметтің бұл жаңа мүмкіндіктерін 5,5 мың қазақстандық пайдаланып үлгерген.
Еске салайық, электронды тұғырнама үш тілде жұмыс істейді. Ол – халықтың жол мен уақыт машақатын шешу үшін құрылған жүйе. Ол арқылы салық есебін ұсынуға, түрлі төлемдер жасап, қарызды жабуға, алдын-ала өтем жүргізуге, оларға қатысты мәлімет алуға болады. Тіпті бұл қосымша борышкерлер тізімін көрсетеді екен. Оны құрастырушылар жаңа қызмет түрлерімен толықтырып отыратындарын айтады.
ЖАЙДАР ІНКЕРБАЕВ, ҚР ҚМ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Қосымша әлі де жетілдіріліп, үнемі жаңа қызмет түрлерімен толықтырылып тұрады. Осы интерфейс арқылы салық төлеушілер мен жеке тұлғалар өзара байланыс орнатып, салық салуға қатысты барлық қызметтер кешенін алатын болады. Болашақта алкогольдік өнімдерді тексеру қызметін енгізуді жоспарлап отырмыз. Қосымшада матрикс датасы көрсетіледі, осы арқылы оның сапасына сайлығын анықтай аламыз. Сондай-ақ кассалық түбіртіктердің фискализациясын тексеріп, ондағы мәліметтердің сәйкестігін білуге болады.
Бұған дейін айтылғандай, қазіргі уақытта бизнес қауымдастыққа арналған «E-Salyq Business» қосымшасы құрылып жатыр. Ол арқылы ешқайда бармай-ақ, жеке істі ашуға немесе жабуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ онлайн түрде салықтық есеп айырысулар жасауға болады. Фискалды мәлімет үшін қызмет құны мен комиссия алынбайды.