«Ақын» фильмі Португалияда бас жүлдеге ие болды

Қазақстандық режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмінің қоржынында кезекті халықаралық қомақты жүлде. Бұл жолы картина Португалияда өткен кинофестивальдің Бас жүлдесін жеңіп алды. Фильмнің оқиға желісі  технологияның даму дәуірінде түсініксіз және маңызды емес болып қалудан қорқатын ақын жайында. Сценарий неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» әңгімесіне негізделген. Таспаның түсірілімі Алматы, Алматы облысы және Атырауда өтті. Басты кейіпкерді белгілі әнші және музыкант Ердос Қанаев сомдады. Естеріңізге сала кетейік, «Ақынның» әлемдік премьерасы 2021 жылы Жапониядағы 34-ші Токио халықаралық кинофестивалінің басты байқауында өтті, онда фильм «Үздік режиссура» үшін марапатталды. Осы жылдың басында Германиядағы 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінде байқаудан тыс көрсетілді. Сондай-ақ отандық туынды Бразилияда өткен халықаралық кинофестивальдің «Үздік фильм» номинациясының иегері атанды. Ал 14 желтоқсаннан бастап «Ақын» Франция кинотеатрларында прокатқа шығады.