Ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл
Өшпес туындылар мен жүрек тебірентер өлең жолдарын қалдырған ақиық ақын. Оның жауһарлы лирикалық шығармалары мен ұйқастарынан өрілген жыр шумақтары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Сөздеріне жазылған әуезді әндерді халық сүйсіне шырқайды. Ол Пушкин, Есенин мен Блоктың өлеңдерін жатқа білген. Шекспир, Гете сынды жер-жаһанға аты мәшһүр классиктердің шығармаларынан шабыт алатын. Бүгін қазақтың маңдайына біткен біртуар ақыны Мұқағали Мақатаев көзі тірі болса 90 жасқа келер еді. Оның қазақ поэзиясындағы рөлі жайында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Tоқаев Тwitter-дегі парақшасында былай деп жазды.
«Бүгін – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл. Мұқағали поэзиясы – күллі қазақтың болмыс-бітімі. Оның сырлы сезімге толы жырлары қалың оқырманның жүрегінен орын алды. Ақын мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – әр қазақтың шаңырағындағы мерейлі той» .
Ақынның туған күнінде оның құрметіне ел көлемінде мерейтойлық шаралар, поэзиялық кештер, әдеби оқулар мен таңдаулы шығармалары ұсынылған кітап көрмелері ұйымдастырылды. Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған экспозициялардың бірі еліміздің басты рухани азық мекені ұлттық академиялық кітапхана төрінен орын тепті. Онда ақынның жинақтарымен қатар, өміріне қатысыты барлығы 300-ге тарта фото және бейнематериалдар қойылған.
ЕРКЕЖАН ОСПАНОВА, ҚР ҰАК ЖЕТЕКШІ КІТАПХАНАШЫСЫ:
- 90 жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапханада ол кісінің шығармашылық өміріне арналған, өлеңдеріне арналған, өзінің өмірбаяндық шығармалары, одан басқа да жинақтары толығымен жинақталған. Осы жыл ішінде кітапханада рухани азық ретінде қалам тартып жүрген барлық ақын-жазушыларға, жас буынға барлық осы кітаптарымыз айқара ашық деп айта аламыз.
Мұқағали Мақатаев XX ғасырдың әдеби әлеміне жүйрік сәйгүліктей енді. Ол қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр кешкенімен, ұлттық әдебиет әлемінде өлшеусіз із қалдыра білді.
Әйгерім Әкімжанова, тілші:
- Мұқағали Мақатаев өмірден небары 45 жасында озып, келер ұрпаққа рухани азық болар өшпес мұра қалдырды. Бүгінде ақынның есімі шығармашылығын құрмет тұтатын жандардың жүрегінен орын алды. Оның құрметіне әдеби байқаулар жарияланып, есімі мектептер мен көшелерге берілген. Оның бірі елорданың төрінде орналасқан.
Өкінішке орай, Мұқағали Мақатаевтың есімі жарқ еткен жұлдыздай өмірден озғаннан кейін кеңінен таныла бастады. Алғашқы шығармасы көрерменге жол тартқаннан кейін, араға 13 жыл салып қана тұңғыш жинағы жарық көрді. Өз өлеңдерінің өзге тілдерге жарыса аударылғанын көру бақыты ақынға бұйырмады. Мұқағали Мақатаев – қиындыққа мойымай, өз ісіне адал бола білген жан. Еңбегі еленіп, бүгінде оның шығармашылығы көптің аузында, есімі ел жүрегінен орын алды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов