Алаяқтар WhatsАpp-ты бұзудың жаңа тәсілін тапты
WhatsApp-та кибералаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Қаскөйлер бұл жолы ешқандай парақшаны бұзып жатпайды, телефонға да тиіспейді. Адамның өзін сендіріп, керек ақпаратты алса болды. Алдымен WhatsApp немесе Facebook-қа ұқсас жалған парақшадан хабарлама жібереді. Сол жердегі сілтемені бассаңыз, WhatsApp секілді жалған бет ашылады. Телефон нөмірін жазып, мессенджерден келген кодты енгізуді сұрайды. Ал кодты енгізген сәтте алаяқтар аккаунтыңызды әп сәтте өз құрылғысына жалғайды.Сөйтіп, түрлі құйтырқы әрекеттерін жүзеге асырады. Хаттарыңызды оқиды, фото-видеоларыңызды көреді, таныстарыңызға сіздің атыңыздан хабарлама жібереді. Ең қауіптісі - сіздің телефоныңыз әдеттегідей жұмыс істей береді. Ал мұны тексерудің бір ғана жолы бар. WhatsApp-та «Байланған құрылғылар» деген бөлімге кіріп, бөтен құрылғының бар-жоғын тексеру керек. Күмәнді құрылғы аңғарсаңыз, дереу өшіру қажет. Ең дұрысы, бейтаныс хабарламаларды мүлде ашпаңыз, келген кодты ешқашан бөгде сайттарға енгізбеңіз.

