Әлихан Смайылов: Қазақстанда экономиканың өсу қарқыны 2,7% құрады

Қазақстанда биыл қаңтар-қарашада экономиканың өсу қарқыны 2,7% құрады. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің 2022 жылдың 11 айындағы негізгі даму көрсеткіштеріне тоқталды. Дерегінше, ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік, қоймалау, сауда, салалары өсім көрсеткен. Осы аралықта елдің сыртқы тауар айналымының да артқаны байқалады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Сыртқы сауда айналымы 34% өсіп, 111 млрд долларды құрады. Экспорт 45%, соның ішінде өңделген тауарлар экспорты 35% өсті. Оң сауда балансы 2 есеге ұлғайып, 31 млрд долларды  құрады. 

Үкімет басшысы алғашқы жартыжылдықта шетелден тартылған тікелей инвестиция 28% артып, 14 жарым млрд долларға жеткенін де атап өтті. Алдағы жеті жылда сырттан тағы кемінде 150 млрд доллар қаржы тарту көзделген. Премьер-Министр 2030 жылға дейін мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа тұжырымдамасы қағидаттарын енгізу жүзеге асырылып жатқанын да атап өтті. Бұл ретте, 2023 жылы Ұлттық қордан алынатын трансферттерді 1,4 трлн теңгеге қысқартып, бюджет шығыстарының өсу қарқынын тұрақтандыру үшін контрциклдік қазыналық қағидалар бекітілді. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Жалпы алғанда, бюджет-салық саясаты 2030 жылға қарай мұнайға қатысты емес тапшылықты 5% дейін төмендетуге, ал Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға дейін өсіруге бағытталатын болады.

Жеңіс Ермұқанов