Алматы облысында 37 мың жұмыс орны ашылады
Алматы облысында 37 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұл туралы президент қабылдауында аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев айтты. Облыс
әкімі Мемлекет басшысына 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық
даму туралы есеп берді. Қазір өңірде 122 жоба жүзеге асып жатыр. Олардың жалпы
құны 2 жарым триллион теңгенің шамасында. Марат Сұлтанғазиев Қонаев және Алатау
қалаларын дамыту жөнінде де баяндады. Жаңа бас жоспарға сәйкес, облыс орталығында
«Smart Qonaev» бірыңғай жүйесі енгізіледі. Алатау қаласының бас жоспарын түзету
және көлік-инженерлік инфрақұрылымды жобалау жұмыстары басталды. Мемлекет
басшысы Қонаев және Алатау қалаларын, жалпы Алматы агломерациясын дамытуға
қатысты барлық белгіленген мақсаттарды сапалы әрі уақтылы орындаудың маңызын
атап өтті. Президент индустриалды аймақтардың әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ
коммуналдық және елді мекендердегі жолдардың құрылысына баса мән беруді
тапсырды.

