Қ.Тоқаев Тәжікстанда өткен V Консультативтік кездесуге қатысты

Қ.Тоқаев Тәжікстанда өткен V Консультативтік кездесуге қатысты

Алдағы онжылдық Орталық Азия елдерінің келешегін айқындайды. Осылайша, мемлекеттер әлемдік көшбасшы елдер атана алады. Сондықтан тарихи мүмкіндікті тиімді пайдалану аса маңызды. Осы мақсатта Орталық Азия елдері арасындағы сауда-саттық ауқымын дәйекті түрде ұлғайту қажет. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуінде айтты. Оның үстіне бұл бағытта бизнес арасындағы байланыстар жанданып келеді. Соңғы бес жылда өңірішілік тауар айналым 80%-тен астам өсіп, 10,6 миллиард долларға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Елдеріміз арасындағы сауда-саттық қарқынын дәйекті түрде ұлғайту қажет. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар екені байқалады. Жоғарыда атап өткенімдей, аймақ мемлекеттері арасындағы өзара сауда тұрақты түрде өсіп келеді. Біздің елдеріміздің өзара тауар айналымын алдағы уақытта 15 миллиард долларға дейін жеткізу үшін мол мүмкіндік бар.

Кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнату сауда-саттық көлемін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұған қол жеткізу үшін Мемлекет басшысы тауар өндірушілердің бірыңғай электронды базасын құруды ұсынды. Мысалы, оны Central Asia Gateway порталы аясында іске асыруға болады. Президент цифрлық шешімдердің қолданылу аясын кеңейтуді басым бағыт ретінде атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазақстан цифрлық шешімдерді  экономиканың барлық саласына белсенді енгізіп жатыр. Мысалы, еліміздегі қолма-қол ақшасыз транзакциялардың үлесі 82%-ке жетті. Мемлекеттік қызметтердің 90%-і электронды түрде көрсетіледі. Отандық IT саласының экспорт көлемі тек былтырдың өзінде бес есе өсті. Біз 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті бір миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Қазақстан аталған стратегиялық салада жақын көршілерімен арадағы жан-жақты байланыстарды нығайтуды көздейді.

Өңірлік қауіпсіздік саммиттің басты тақырыптарының бірі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш біріктіруге шақырды. Президент достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың тез арада күшіне енуін қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ келесі жылы қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары деңгейінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі диалогты Қазақстанда өткізуді ұсынды. Еліміз Тәжікстанның Ұлттық үйлестірушілер кеңесін құру жөніндегі бастамасын қолдау білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшылары 2 келісім мен бірлескен мәлімдемеге қол қойды.