Отандық жаңа вагондар жолға шығады
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы бірқатар
өндіріс орнын аралады. Алдымен Stadler Kazakhstan зауытының жұмысымен танысты.
Мұнда жақында отандық алғашқы жолаушылар вагоны жолға шығады. Олар жайлы әрі
қауіпсіз. Биыл 51, ал 2030 жылға дейін 557 жаңа вагонды пайдалануға беру
жоспарланған. Президент теміржол саласының жұмысшыларымен де әңгімелесті. Қазір
ел бойынша 125 вокзалға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық
серіктестермен бірлесіп, жолаушы тасымалдау жүйесіндегі қызмет көрсету сапасын
арттыруға және өңірлердегі көлік байланысын жақсартуға бағытталған шешімдер
енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, отандық ІТ компаниялар бірыңғай цифрлы
платформа әзірледі. Бұл билет сатып алудан бастап туристік қызмет көрсетуге
дейінгі көптеген функцияны біріктіреді. Сондай-ақ, пойыздар спутниктік
интернетке қосылады. Қауіпсіздікті күшейту үшін видеотіркеулер, мобильді
терминалдар және мәліметтерді талдауға қабілетті 4 мың камера пайдаланылады.

