Алматы облысының шығармашылық орталығында 200-ге жуық бала білім алуда
Бейнеролик түсіріп, камера алдында өзін еркін ұстау, кинематография негіздері мен клип жасау. Алматы облысында ашылған шығармашылық орталықта жас өнерпаздар шешендік өнер негіздерін де үйрене алады. Мұнда қазірдің өзінде 200-ге жуық бала келеді.
Арай Қасен, үйірмеге қатысушы:
- Бұл жолды мен өзімнің мақсатым деп қойдым. Сондықтан үлкен еңбек етемін. Әрине, видеомонтаж өте көп. Соның барлығын біліп, әрі қарай дамытып, ең білікті маман боламын деп ойлаймын.
Еркін Хамидуллов, шығармашылық орталықтың оқытушысы:
- Компьютерлер, фотоапараттар бар. Солар арқылы балаларға монтаж жасауды, арнайы программаларды қолдануды үйретеміз. Деңгейлерін нөлден бастап профессионалға дейін көтеруге тырысамыз.
Қазір орталықта 11 үйірме жұмыс істейді. Оларға қатысу үшін орталыққа бармай-ақ, онлайн режимінде өтініш жазса болғаны. Жобаны облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы қаржыландырып отыр. Әр баланың айына 12 рет келуін мемлекет төлейді.
Ғизат Тоғамбаев, Сарқан ауданының тұрғыны:
- Қызымнан оң өзгерістер байқап жүргеніме 2 ай болды. Барлығы жақсы. Өзім де мұғаліммін. Осындай орталықтар көбірек ашылса деймін. Балаларға моральдық, шығармашылық тұрғысынан өте пайдалы деп ойлаймын.