Алматыдағы жұлдыздар аллеясы жаңа есімдермен толықты
Қазақ киножұлдыздарының аллеясы жаңа есімдермен толықты. «Қазақфильм» киностудиясының аумағында ұлттық кинематографияның дамуына үлес қосқан 13 сала майталманына арналған ескерткіш тақталарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Олардың қатарында: халық жазушысы Олжас Сүлейменов, қазақ киносының қайраткері Қадыр Қосай, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Меруерт Өтекешева, қазақтың тұңғыш операторы Ескендір Тынышпаев, Қазақстанның халық әртісі Құман Тастамбеков және т.б. бар. Шара «Қазақфильмнің» 80 жылдығы мен Халықаралық кино күніне орайластырылып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақ киножұлдыздарының аллеясы 2011 жылдың күзінде ашылған болатын.
Болат Әбділманов, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, актер:
- Қазақ киносы әлемнің түрлі кинотеатрында көрсетіліп жатыр. Ірі халықаралық кинофестивальдерде бас жүлдені жеңіп, көрерменнен оң баға алды. Яғни салыстырмалы түрде өрлеу үстінде. Қазақ киносын ұлтымыздың тарихын саралап, тамырына үңіліп, қазақтың рухын көтеріп, бүкіл әлемде ойып тұрып орын алатындай тарихи сахнаға шығару керек деп ойлаймын.
Айдархан Әділбаев, «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті:
- Биыл «Мұқағали», Дарежан Өмірбаевтың «Ақын» туындысы жарыққа шығып, «Қасым хан» фильмі түсірілді. Сондай-ақ «Алтын адам» анимациялық мультфильмі жасалу үстінде. Халықаралық нарықта «Томирис» фильмі өте жақсы өтіп, АҚШ-та үлкен прокатқа қол жеткізді. Бұль фильмді 8 ел сатып алып, өз тіліне аударып дубляж жасап, нарыққа шығарды. Бүгінгі таңда Netflix-пен бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. Отандық фильмдерді ұсындық, қазір қаралу үстінде. Егер барлығы жоспарға сай келетін болса, келесі жылы Netflix-те отандық фильмдер көрсетілетін болады.
Авторы: Әсел Күшенғалиева