Алтын-Емел мен Барсакелмес ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енді

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне тағы екі қазақстандық экожүйе қосылды. Қазақстан,Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы бірлесіп енгізген «Тұранның суық қысқы шөлдері» көпұлттық номинациясының құрамдас бөліктері ретінде Алтын Емел ұлттық паркі мен Барсакелмес қорығының аумақтарын Дүниежүзілік мұра тізіміне қосуға өтінім берген.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Алтын-Емел» мен «Барсакелмес» ЮНЕСКО биосфералық резерваттары мәртебесіне ие болған. Бұл шөлді аймақтарда аса жоғары және максималды төмен ауа температурасының әлемдегі ең үлкен айырмашылықтарының бірі байқалады. Сонымен  қатар мұнда сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің де бар. Ғалымдардың пікірінше, олар жердегі экожүйелердің эволюциясы мен күрделі климаттық жағдайларға бейімделуін айқын көрсетеді.

Асқар Әбдірахманов, ЮНЕСКО-дағы ҚР тұрақты өкілі:

 -Алтын-Емел мен Барсакелместің жаңа халықаралық мәртебесі Қазақстандағы табиғи экожүйелерді терең ғылыми зерттеудің маңыздылығына және табиғатты қорғаудың тиімді шараларына қосымша назар аударады деп күтеміз. Сондай-ақ еліміздің әлеуетін нығайту, тұрақты және жауапты туризмді дамытуға септігін тигізеді.

Қазақстаннан Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра тізіміне 6, Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне 13 нысан, ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар желісіне 15 қорық, «Әлем жады» деректі мұра тізіліміне 3 материал енгізілді. Сондай-ақ, атаулы мерейтойлар күнтізбесінде 25 ұсыныс бар.