2023 жылы Қазақстанда 90 жарым млн тоннадан астам газ мен мұнай өндіріледі

Энергетика министрлігінің мәліметінше, қара алтынның болжамды өндірісі 2022 жылға қарағанда 7%-ке жоғары. Бұл ретте Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында – 9%-ке және Маңғыстау өңірінде – 7%-ке жуық өсім күтілуде. Газ өндіруге келер болсақ, биылғы жылы өндіріс 53,5 млрд текше метрді құрамақ, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1%-ке жоғары. Өндріс көлемі бойынша, ең көп үлес Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай мұнай және газ кен орындарын барлау және игеру, құбырларды тасымалдау және мұнай өңдеу салаларында ынтымақтасуға ниетті. Бірлескен кәсіпорын Жарқын, Болашақ, Солтүстік Өзен, Березовский, Мұғоджары сияқты бес учаскеде жер қойнауын геологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар тараптар Кеңқияқ-Атырау және Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбырларының өткізу қабілетін кеңейту жобасын зерттеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы шикізаттық база, сату нарығы және өндіріс көлемін ұлғайту бойынша бизнес-модельдер талдаудан өткізіледі.