Президент «Жылу энергетикасы» туралы заңға қол қойды
Елімізде жылу өндіруден бастап тұтынушыға қызмет көрсетуге дейін бақылауға алынып, жауапкершілік енгізіледі. Бүгін Президент «Жылу энергетикасына» қатысты алғашқы заңға қол қойды. Бұл аталған ресурсты реттейтін дербес құжат екенін атап өту керек. Яғни, мемлекеттің міндеті мен ережелері нақты көрсетілген. Құзырлы органдарға жылу электр нысандарына жоспарлы және жоспардан тыс тексеріс жүргізуге құқық беріліп отыр.
Бұрын жылусыз қалып, жыларман болған жұртшылық бұдан былай ақау анықталса компаниядан ақы өндіріп алады. Бұған қоса жылу және электр желілері мен станцияларына техникалық қызмет көрсеткенде немесе жөндеу кезінде кінәрат шықса, лауазым иелері айыппұл арқалайды. Ал, аталған жайт қайталанса төлем екі еселенеді. Қазір елдегі 13 мың шақырым жылу желісінің жартысы талапқа сай емес. Жылу орталықтарының 66 пайызы тозған. Себебі, энергетика басшыларына тиісті жауапкершілік жүктелмей келген. Сол үшін заңдағы тағы бір жаңашылдық жылу өндіруші нысан жұмысын тоқтатқысы келсе мемлекеттік органдарды 5 жыл бұрын хабар етуі тиіс. Бұл жаңа жылу инфрақұрылымын салуға немесе ескі қондырғыларды жаңалауға мүмкіндік береді.

