Астаналық ұстаз қазақ фольклоры арқылы ағылшын тілін үйренудің ұтымды әдісін тапты
Ол үшін қазақстандық оқушыларға жақсы таныс Қожа, Алдар көсе және Асан мен Үсен сынды кейіпкерлерді ағылшынша сөйлеткен қосымша оқу құралын жасады. Әдістеме құру үшін бірқатар әдеби шығармалар, халық ертегілері мен аңыз үзінділерін түпнұсқадан аударған.
Замзагүл Туйтина, №38 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:
- Егер адаммен оның түсінетін тілінде сөйлессеңіз, онда оның ойын білесіз. Егер ана тілінде сөйлесеңіз, оның жүрегімен тілдескендей боласыз. Сондықтан қазақ балаларына танымал кейіпкерлердің сөздерін шет тіліне аудару арқылы ағылшын тілінде сөз тіркестерін, идиомаларды жаттау. Марк Твеннің жазған Том Сойері мен Қожаны салыстырады. Балалар алдымен ерекшеліктерін, содан кейін екеуінің ұқсастығын айтып береді.
Ұстаздың айтуынша, шет тілін оқытудың жаңа тәсілі оқушылардың үлгеріміне оң әсерін тигізіп, қазақ фольклорын терең ұғынуға ынтасын арттырады. Әдістемелік құралдың электрондық нұсқасы да әзір. Оқушылар мұқабасында берілген QR код-тың көмегімен оның мазмұнымен танысып түрлі қызықты тапсырмалар орындайды.
Мерей Тұрсынбай, №38 мектеп-лицейінің оқушысы:
- Бұл өте ыңғайлы құрал. Қазіргі таңда бәрінде ұялы телефон бар. Телефон арқылы кез келген жерде осы құралды ашып, әлемдік және біздің әдебиетті салыстыруға болады. «Менің Атым Қожа» маған қатты ұнады.
40 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз бұған дейін ұлы Абай шығармашылығының негізінде полилингвалдық мәдениет атты әдістемелік құрал жасаған. Алдағы уақытта осы бағытта қазақтың «Қозы Көрпеш Баян сұлу» махаббат хиқаясына ден қоюды жоспарлап отрыр.