Astana Hub Орталық Азияда Google for Startups-пен әріптестік орнатқан алғашқы IT-компания

Қазақстандық Astana Hub IT-компаниясы әлемдік Google for Startups – пен әріптестік туралы келісімге қол қойды. Бұл Орталық Азия өңірлерінде жүзеге асырылып отырған алғашқы келісім. Екі тарап арасындағы келіссөздер жыл басынан бері жүзеге асырыла бастағанын айта кеткен жөн. Өз кезегінде Astana Hub Google for Startups-пен бірге Қазақстаннан өзге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзірбайжан және Моңғолияның стартапшылары үшін акселераторды іске қосты. Осылайша, аталған елдердің стартапшыларына әлемдік компаниямен теңдей жұмыс істеуге мүмкіндік беріліп отыр. Айта кетейік, өтініштерді қабылдау бүгіннен басталады.

Әйгерім Жарқын, Astana Hub бизнес-бағдарламалар офисі директорының міндетін атқарушы:

– Google for Startups - бұл Google компаниясының жеке бөлімшесі. Google 2011 жылы өзінің жеке стартап бағдарламасын іске қосқан. Бүгінде онда 50 коворкинг және 125 мемлекеттік акселерациялық бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Енді олар бізді де ресми серіктестердің картасына қосты. Ол дегеніміз, Орталық Азияның картасында жалғыз Қазақстан ғана белгіленіп тұр. Біз олармен акселерациялық бағдарламаны жоспарлап отырмыз. Биыл оның 2 бағытын іске қосамыз. Оған барлығы 15 стартап жинаймыз. Google for Startups өз тарапынан бірегей мамандар ұсынуға, сондай-ақ олардың қызметтерін пайдалануға жағдай жасап отыр.