Астана мен Ашхабадта екі елдің сауда үйлері ашылады

Астана мен Ашхабадта екі елдің сауда үйлері ашылады

Астана мен Ашхабадта екі елдің Сауда үйлері ашылады.  Қасым- Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте осындай шешім қабылданғанын айтты. Сондай-ақ, тікелей коммерциялық әуе рейстері ашылуы мүмкін. Бұл әсіресе екі елдің бизнес өкілдеріне үлкен қолдау болмақ. Қос президент Ауғанстан арқылы өтетін Оңтүстік Азия бағытындағы теміржол желісін тарту мәселесін де талқылаған.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Қазақстан бидайын түрікмен нарығына жеткізу көлемін арттыруды егжей-тегжейлі талқыладық. Сонымен қатар өсімдік майы, макарон және ет-сүт өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Түрікменстан-Ауғанстан шекарасында астық терминалын салу перспективасын пысықтадық.


Сондай-ақ, келешекте Түрікменстанда қазақ университеттерінің филиалы  ашылуы мүмкін. Өйткені ғылым мен білім, жастар арасындағы байланысты дамыту маңызды. Екі елдің мәдени байланысы да мығым. Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығына орай ескерткіші ашылған. Ашхабадта Абайға монумент қойылған. Бұл халықтарымыздың достығы мен бір-біріне құрметінің тағы бір символы. Сердар Бердімұхамедов Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ел деп атады.


Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Республикасының Президенті:

- Энергетика – екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі. Түрікменстан бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын. Сонымен қатар, еліміздің электр энергиясы мен химия өнеркәсібіндегі серіктестікті нығайтуға айтарлықтай мүмкіндігі бар. Көлік және логистика өзара ықпалдастығымыздың стратегиялық сипатқа ие бағыты саналады.