ASTANA OPERA Академиясы тұңғыш түлектерін ұшырды

ASTANA OPERA Академиясы тұңғыш түлектерін   ұшырды

«Astana Opera» Академиясы тұңғыш түлектеріне өнер әлеміне жолдама берді. Осында білім алған  19 солистке ресми түрде сертификаттар  табыс етілді. 2 жылдық оқу барысында орындаушылар вокалдық шеберліктерін шыңдап қана қоймай теңдессіз тәжірибеге ие болды. Олар астаналық және шетелдік театрлардың қойылымында басты партияларды орындады, көптеген халықаралық және респрубликалық байқауларға қатысып, топ жарды. Түлектердің бірі  Гүлдана Алдадосова жас та болса  Хибла Герзмава атындағы вокалистер мен концертмейстерлер сыйлығының иегері.

Гүлдана Алдадосова, Astana Opera  Академиясының түлегі:

- Біз шетелге кетпей осында білім алдық. Қазақстанға қалып оқу үлкен мүмкіндік. 2 жылдық оқу мерзімі барысында  мен Чимарозаның «Құпия неке» партиясында Лизеттаны, Россинидің «Севиль шаштарзы» қойылымында Розинаның партиясын орындадым. Үш күн бұрын ғана театрымызда өткен Джаоккино Россинидің әйгілі «Алжирдегі Италия аруы»  операсында маған  Эльвираның рөлін сомдау мүмкіндігі берілді.

«Астана Опера» академиясының студенттері екі жылда бірегей авторлық бағдарламадан өтті. Көрнекті халықаралық коучтермен бірге оқытушылардан вокал сабақтарын үйреніп, сонымен қатар опера тілдерін – неміс, итальян және француз тілдерін – меңгерді. Сондай-ақ, сөйлеу техникасы мен сахнада өзін ұстау мәдениетін пысықтады.

Айсұлу Тани, халықаралық Астана Опера академиясының оқу бөлімінің меңгерушісі, атқарушы директоры:

 - Екі жыл ішінде бізге есімдері әйгілі  10-11 халықаралық вокалист келді. Біздің солисттердің барлығы Қазақстаннан. Бұл – еліміздің опералық вокалдық өнерін насихаттаудағы академияның басты міндеттерінің бірі. Жалпы, академия әртістері үшін жыл өте жемісті болды. 5 опера қойылды, сондай-ақ, түрлі халықаралық байқауларда жеңіске жетті.