«Астана Опера» әлем классикасының туындыларын ұсынды

«Астана Опера» сахнасында аттары аңызға айналған қос ұлы композитор – Джузеппе Верди мен Джакомо Пуччинидің шығармалары орындалды. Әлем музыкасының Stabat Mater мен Messa di Gloria атты жауһарлы туындыларын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, хормейстер Ержан Даутов бастаған симфоникалық оркестр музыканттарының сүйемелдеуімен театр солистері шырқады. Хор капелласын Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің студенттері орындады. Оған Батыржан Смақов пен хоресмейстер Марина Бухвалова жетекшілік етті.  Мәселен, Stabat Mater шығармасының сахналық қойылымы  алғашқы минуттардан-ақ өзінің көркемдігімен көрерменді баурап алды. Бұл аса күрделі  туындыда драматизм мен рухани құндылықтар ұштасады. Әуенді де әуезді  кештің сәнін келтірген тағы бір керемет шығарма – Messa di Gloria алғаш рет 1880 жылы жарық көрді. Сол уақыттан бері әйгілі композиция көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, оны шырқаушыларды танымал етті.  

 

Ержан Смақов, «Астана Опера» театрының бас хоресмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: 

 

– Біз көрерменге әр алуан шығармалар ұсынамыз. Бұл жолы «Вердиден Пуччиниге дейін» ең танымал туындыларды іріктеді. Өнер сүйер қауым оларды ұйып тыңдайды. Олардың әлем музыкасында мән-маңызы зор. Әрбірінің өзіндік шығу тарихы мен бірегей мазмұны бар. Бағдарламада Джузеппе Вердидің өміріндегі ең соңғы, ал Пуччинидің ең алғашқы шығармасы қамтылған. Біз бұл туындыны 2020 жылы алғаш рет орындадық. Ол кезде коронавирус өршіп тұрды. Соның салдарынан залға 50 адамнан артық кіргізілмеген. Сондықтан бұл жолы түсаукесері десек болады.  

 

Батыржан Смақов, студенттік хор капелласының көркемдік жетекшісі: 

 

– Біздің хор капелламыз «Астана Операның» танымал хорымен бір қатарда өнер көрсетті. Бұл біз үшін, әрине үлкен мәртебе. Ал студенттеріміз үшін ұмытылмас тәжірибе. Бұл бағдарламаға өте ұзақ дайындалдық. Жарты жыл осы туындыны жаттауға уақыт кетті деуге болады. Сондықтан, үлкен жауапкершілікті талап етті. Алайда, біз бұл жүкті абыроймен арқалап, сенімді өнер көрсеттік деп айта аламын.