Астанада FIRST Global challenge Сentral Аsia байқауы өтіп жатыр

Астанада үздік құлтемір жинаушылар анықталды. Робототехникадан елордада өтіп жатқан FIRST Global challenge байқауы 40 команда және 200-ден астам жас инженерді жиды. Әзірге олар ұлттық кезеңде шеберлік байқасуда. Бұл сыннан сүрінбегендері Сингапурда өтетін әлемдік додаға жолдама ұтады. Жаһандық тартыстың ақтық сыны алдағы айға жоспарланған. Жас дарындар сутегі энергетикасы мен баламалы қуат көздері тақырыбында әзірлеген тың жобалар ұсынды. Сондай-ақ, оқушылар жасыл технологияларға негізделген роботтар құрастырып, олардың тәжірибелік дағдыларын паш етуі керек. Бұған қоса шара аясында Орталық Азия өңірінен келген қатысушылардың біліктілігі жеке санатта сыналады. Себебі Қазақстан биыл Моңғолия мен Өзбекстанның  балаларына квота беру құқығына ие. Бұған ел құрамасының былтыр Женевада өткен байқауда үздіксіз жеңісі мұрындық болған. Ұлттық құрама қанжығасы   сол додада алтын медальмен майланып, дарынды шәкірттеріміз елге тағы екі жоғары төрешілік марапатпен оралды. Биылда отандық робототехниканың үздік өкілдері жетістікті еселеуден дәмелі.  

Нұрдәулет Досмағамбет, Қазақстан мен Орталық Азиядағы робототехниканы дамыту қорының тең құрылтайшысы:

- Биылғы тақырып сутегі. Жасыл сутектен энергия алу.  Өйткені соңғы уақытта Қазақстанда баламалы қуат көздеріне басымдық беріліп келеді.  Жарыс үлкен алаңда өтіп жатыр. Оның аумағы  7 де 7 метрді құрайды.  Бұл сында суды сутегі мен оттегіне бөлу талабы қойылады. Бұл тапсырманы роботтар орындайды, яғни, суды тазартып одан аталған элементтерді ажыратып алуы керек. Оны орындауға қатысты баллдар беріледі. Жинаған ұпайға сай жеңімпаздар анықталады. Біз инженерия арқылы балалардың бойына заманауи дағдылар сіңіргіміз келеді. Олар болашақта елдің осы саласын дамытады.