Астанада Испания суретшісі Хосе Мария Каноның көрмесі ашылды
Шетелдік қылқалам шеберінің осы бағыттағы 20-ға тарта жұмысын елордалықтар мен қала қонақтары ұлттық мұражайда ашылған жеке көрмесінде тамашалай алады. «Шындық немесе шынайылық» деп аталатын экспозиция - «энкаустика» техникасында жасалған картиналар топтамасы.
Айта кетерлігі, кескіндеменің бұл түрі қыздырылған балауыз бояуларымен салынады. Еріген материал кез-келген пішін жасау үшін қолданылады. Автордың әр еңбегінде табиғи ғалам шамының бейнесі негізге алынған. Хосе Мария Кано поп мәнеріндегі әншілердің тобында болған сәтте Жер серігіне арнап «Айдың ұлы» атты балладалық ән шығарған. Кейін, Лондонда сахналанған «Ай» қойылымының операсын жазады.
Айта кету керек, суретші көптеген экспозициялардың қатысушысы. Оның жұмыстары Мадрид, Милан, Шанхай, Пекин, Киев, Мәскеу, Прага және Варшаваның мұражайларында қойылды. Испания Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігі ұйымдастырған көрменің мақсаты - испан мәдениетімен таныстыру. Танымдық шара наурыз айының 27-не дейін жалғасады.
Хосе Мария Кана, суретші /Испания/
- Бұған дейін дәл осы көрме Алматы қаласында өтті. Жалпы, өзіме Қазақстан қатты ұнайды. Халқы қонақжай, дамыған мемлекет. Бұл елде мен өзімнің туған жерімде жүргендей әсердемін. Мұнда адамдардың көңілі қашанда жайдары жүреді. Қазақстанда батыс пен шығыстың ең жақсы қасиеттері тоғысқан. Менің көрмем ай тақырыбын арқалайды. Бұл табиғи құбылыс менің өмірім мен шығармашылығымда маңызды орын алады.