Маңғыстау облысында 7 үйді су басты
Маңғыстаудың Мұнайлы ауданына қарасты Атамекен ауылында 7
үй суға кетті. Толассыз жауған қар еріп, ылғал баспананың ішіне дейін өтіп
кеткен. Атамекен ауылында мұндай жағдай бірінші рет емес. Өйткені мұнда жер
астынан шығатын су бар. Тұрғындар проблема үш жыл бұрын басталғанын айтады.
Жергілікті билік ағын суды көлге қарай ағызатын дренажды жүйе орнатамыз деп,
көшені қазып батпаққа айналдырған. Ал, орнатқан құрылғылары екі күннің бірінде
істен шығады. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша,
аймақта елдімекендерді су басу қаупі жоқ. Тек Мұнайлы, Жаңаөзен мен Бейнеу
аудандарында осындай жер асты суының мәселесі бар. Оларды зерттеп, тоқтатудың
жолын табу үшін, 40 млн теңге қаражат бөлінген.

