Астанада Махатма Гандиге ескерткіш қойылды

Астанада Махатма Гандиге ескерткіш қойылды

Астанада Үндістаннан шыққан 20 ғасырдың белді де, беделді саясаткері Махатма Гандиге арнап ескерткіш қойылды. Қайраткердің мүсіні Есіл өзенінің бойындағы аллеяға орнатылды. Оның ашылу салтанатына Үндістанның мемлекеттік сыртқы істер және мәдениет министрі Минакаши Лекхи арнайы қатысты. Іс-шара Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Айта кету керек, биыл Дели қаласында хакім Абай Құнанбайұлына ескерткіш бюст қойылған болатын.

Минакаши Лекхи, Үндістан мемлекеттік сыртқы істер және мәдениет министрі:

- Бұған дейін сіздердің елге жасаған сапарым кезінде қазақстандық билік өкілдеріне үндістандық туристер үшін визасыз режим жасауға өтініш білдірген едім. Бұл мәселе шешімін тапты. Қазақстан Үндістан азаматтарына 14 күнге дейін визасыз жүріп-тұруға рұқсат берді. Бұл үшін Қазақстанға үлкен алғыс білдеремін. Қос елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас бұдан әрі де дами түсуіне күш саламыз.

Серік Жарасбаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:

– Биыл жазда Нью-Делиде Абай Құнанбаевқа ескерткіш қойылған болатын. Тиісінше, бас шаһарда Махатма Гандиге ескертшіш қою шешімі қабылданды. Менің ойымша, бұл екі елдің достық қарым-қатынасын одан әрі бекіте түседі. Біздің көптеген мәдени, экономикалық ынтымақтастық қатынастарымыз бар, ал бұл жағдай тек өз тиімді әсерін тигізетініне сенімім мол.