«Қылқалам ұшындағы құдірет» атты көшпелі көрме елордада ашылды

«Қылқалам ұшындағы құдірет». Осылай атау берілген көшпелі көрме елордадағы Ұлттық музейде ашылды. Жылжымалы экспозицияға Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер мұражайының қорындағы жауһарлы еңбектер қойылған. Негізінен елімізге танымал бейнелеу өнері шеберлерінің үздік туындылары іріктеліп алынған. Көрермендер барлығы 70-ке тарта көркем суретпен жіті таныса алады. Көпшілікке беймәлім авторлардың жұмыстары да бар. Тақырыптық аясы әрқилы. Өскелең ұрпаққа өнеге болатын отансүйгіштік, тарих пен ауылдың тыныс-тіршілігін ашатын тақырыптарға басымдық берілген. Көрмені тамыздың соңына дейін тегін тамашалауға болады.

Төлеген Орынбасарұлы,  Атырау облыстық ш. Сариев атындағы өнер музейінің басшысы:

- Исатай, Махамбет – 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің басшылары, батырлары. Соны Табылды Мұқат ағамыз өзінің «Исатай, Махамбет» туындысында жақсы бейнелеген. Сонымен қатар Жоламан Аралбаев ағамыздың «Менің ауылым» тақырыбындағы бірнеше туынды осы ауыл өмірін, тіршілігін, тұрмысын бейнелеген. Мұнда қазақ кескіндемесінің классигіне айналған Мұхит Қалимов, Әбдірашид Сыдыханов, Жанатай Шәрденов, Сабыр Мәмбеев, Сахи Романов сынды суретшілердің еңбектерін жинақтап әкеліп отырған жайымыз бар.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов