«Ең мықты» тележобасы өз мәресіне жетті

«Ең мықты» тележобасы өз мәресіне жетті

Арнамыздың эфирінен көрсетілген «Ең мықты» жобасының жеңімпазы белгілі болды. Сайыста ұңғымаларды жөндеу операторынан бастап, теміржолдың қозғалысын бақылайтын қызметкерге дейін 20 маман бақ сынады. Олардың қара күші ғана емес, ақыл ойы мен тапқырлығы да сыналды. Осы тұста еске салайық, жобаның мақсаты - еңбек адамын дәріптеу. Сонымен күш пен ақылдың бәйгесінде кім топ жарды? Гүлзат Сақтан білейік.


Финал сәті. 8 эпизод бойы қатысушылардың төзімділігі мен тапқырлығы сыналды. Бұл сынақтар тек физикалық күшті емес, ақыл мен командалық жұмысқа дайындықты да талап етті.


Айгүл Ақсамбиева, қоюшы-режиссер:


- Бұл жобаның ерекшелігі сол- мұнда судья болған жоқ, ешкімді шығару немесе бағалау субьективті жүргізілген жоқ. Қатысушылар өздері ғана шешуші болды: олар ең әлсіз және ең мықты қарсыласын өз пікірлеріне қарай бағалады. Себебі финалда мықты қарсылас үлкен қауіп төндіреді.


Әр кезеңде екі қатысушы жарыстан шығып, жолын тоқтатты. Соңғы ақтық сайыс-нағыз сынақ. От пен судағы жарыста, жеке төзімділікті тексеру кезінде 6 ең табанды қатысушы күш сынасты.


Әсел Тоянова, продюсер:


- Бұл жобаның басты ерекшелігі бұл теледода болды. Нағыз теледода. Қатысушыларды жан жақты барлық қырынан көрсете алды деп ойлаймын. Қатысқан еңбек адамдары өздерінің рухты, намысты, өмірге деген құлшыныстарын көрсете алды.


Алматылық Айдос Масиралиев турбина цехының аға машинисі. Ол  барлық сынақтарды абыроймен өтіп, нағыз мықтының мықтысы атанды.


Айдос Масиралиев,  «Ең мықты» жобасының жеңімпазы:


- Үнемі спорттамын. Тауларға шығам шыңдарды бағындырам. Ең биік шың осы Алматы тауында Іле Алатау тауында комсомол шыңын бағындырғам 4376 метр


Осыдан-ақ Айдостың биіктікті бағындырып үйренгенін байқауға болады. Алайда ол тау-тастың ортасында ғана емес, судың ішінде де мықтылығын көрсете білді.


Айдос Масиралиев,  «Ең мықты» жобасының жеңімпазы:


- Жарыстың басында судан шыққан бойда денем түршігіп тоңып дірілдеп кеткен болатынмын. Ойладым 30 сек кейін құлайымба деп. Бірақ кейін денемді босатып күш жігер болды, бірқалыпты қозғалмай тұрдым. Соның арқасында жеңдім деп ойлаймын

¤

Жеңіс тұғырына көтерілген Айдосқа Астанадан пәтердің кілті табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ең мықты» - тек шоу емес, қоғамдағы еңбек адамдарының жаңа бейнесін көрсетуге арналған маңызды жоба.