Астаналық шебер заманауи сәукелелер  жасайды

Көзің жауын алатын мына заманауи сәукелелерді елордалық шебер жасайды. Ғасырлар бойы бұл қазақ бұрымдыларының бас киімі бойжеткеннің тұрмысқа шығып, отбасылық өмірге аяқ басуын айғақтайды. Сәукеле тігу әрбір адамның қолынан келе бермейтін ерекше көне кәсіп. Шеберлердің бәрі бірдей бұл аса  күрделі іске бара бермейді. Тамыры терең тартқан ежелден сақталып келетін бұл бас киім түрін жасау үшін ең алдымен бағзы салт-дәстүрлерді жіті білген абзал. Ол  неғұрлым көркем безендірілсе, қалыңдықтың отбасылық өмірі де соғұрлым бақытты болады деп саналады. Бірегей іске келген шебер Валентина Скирук сәукеле тігуге қатысты барлық ерекшеліктерді ескеруге тырсады. Қолөнерші әйгілі дизайнер Анастасия Романовамен әріптестік құрып бүгінге дейін 200-ден астам нәзік жандыны өз туындыларымен қуантыпты.

Валентина Скирук, шебер:
-Бұл бағзы заманан бері келетін сәукелелердің заманауи түрі. Ерте кездері қыз-келіншектер жиі киіп жүретін. Қазір олардың сыртқы бейнесі сәл өзгерген. Пішіні әрине сақталды. Көбіне безендіру жағы әр түрлі болып келеді. Сондықтан оны қайта жаңғырту барысында мән-маңызын жоғалтпауға тырысу керек. Мәселен иген қыз сыңсу айтқан. Кейін ол безендіріліп күміс-алтын сынды бағалы заттардан жасалған әшекей бұйымдармен безендірілген. Яғни, сәукеле неғұрлым қымбат бұйымдармен көмкерілсе, қалыңдық соғұрлым бай әулеттен шықты деп саналатын.  

Валентина сәукеле жасауға кемінде 4 күн жұмсайтынын айтады. Оның бір тәулігі бас киімнің пішінін шығаруға кетеді екен. Қалған уақытты  безендіруге арнайды. Шебердің сөзінше, қазіргі таңда өміріндегі ең маңызды сәтте ұлтық нақышты таңдайтын қалыңдықтардың қатары артып келеді.    

Валентина Скирук, шебер:
-Қазіргі кезде тұрмысқа шығатын қыздардың 90 процентінің таңдауы  ұлттық киім үлгісін түседі деп еніммен айта аламын. Әсіресе қазақ жігіттерімен отбасын құратын шетелдік қыз-келіншектер көбіне ерінің салт-дәстүріне құрмет көрсету үшін сәукеле кигенді жөн көреді. Мәселен жақында бізге келген ағылшындық қалыңдық қазақтың ұлттық киімін киіп өзін ханшайым сезінгенін айтты. Дәстүрлі киім үлгілері оған қаты ұнады.    

Валентинаның мақсаты елордада сәукеле үйін ашу. Бұл қазақ халқының көне салт-дәстүрін жаңғыртуға үлкен сеп болады деп санайды.