БҚО-да үлгілі отбасыларды марапаттады
Елімізде қыркүйектің екінші жексенбісі отбасы күні. Орал қаласында мереке қарсаңында ел-жұртқа сыйлы әулеттер бас қосты. Қоғамдағы құндылықтар, жанұялық жарасым әңгіме арқауына айналған жарқын жүздесуге облыстағы өнегелі отбасылар арнайы шақырылды. Олардың қатарында белгілі бір мамандықты бірнеше буын ұрпақ меңгерген еңбек династиялары да бар.
Бөкей ордасынан келген қария Каспи Жахатов жарты ғасырға жуық ұстаздық еткен. Ұрпақтар сабақтастығы үзілген жоқ. Әулеттің саладағы еңбек өтілі 327 жыл. Ал Сағидолла Нұрмағамбетов – ауыл шаруашылығы саласының ардагері. Маңдай термен тапқан нанның қадірін бір кісідей біледі. Үрім-бұтағын да еңбекке үйретіп келеді.
Сағидолла Нұрмағамбетов, Бөрлі ауданының тұрғыны:
– Ыбырай атамыз айтты ғой: «Өнер-білім, бәрі де – оқуменен табылған, сауысқанның тамағы шоқуменен табылған», - деп. Сосын еңбек, таза еңбек етіп, халыққа қызмет етсеңдер, атақ-абырой содан шығады деп тәрбиелеп келе жатырмын бәрін де.
Қаратөбелік Айбар Абденовтің отбасы қаржы саласына қызығушылық танытқан. Мемлекеттік қызметтегі жемісті жолын жалғастырып жатыр. Экономистер әулеті жас ұрпақты бала жасынан тәрбиелеуге басымдық береді.
Айбар Абденов, Қаратөбе ауданының тұрғыны:
– Тәртіп пен тазалық болмаған жерде жұмыс көрінбейді. Балаларымызды да, немерелерімізді де тазалыққа үйретеміз. Ауламызда бау-бақша егеміз. Менің немерелерім көшеде фантиктерін үйге әкеліп урнаға салады. Сол ойлаймын, менен көрген, біздің балаларымыздан көрген тәрбие болар деп.
Емен-жарқын жүздесу соңында өнегелі отбасыларға аймақ басшысы атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

