Ауаның ластану проблемасы шешіледі

Ауаның ластану проблемасы шешіледі

Алдағы 5 жыл ішінде Қазақстанда ауаның жоғары ластануы бар 10 қалада экологиялық мәселелер біртіндеп шешімін табады. Бұл туралы «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын таныстыру барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев хабарлады. Оның айтуынша, ұлттық жобаның бірінші бағыты «Таза Қазақстанның» мақсаты – атмосфералық ауаның ластануын азайту.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Ластанудың жоғары деңгейі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен және электр станцияларында көмірді жағумен байланысты екені жасырын емес. Осы проблеманы шешу үшін ауаның жоғары ластануы бар 10 қалада 5 жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіп кәсіпорнындағы шығарындыларды 20% қысқарту болжанып отыр. Мысалы, «АрселорМиттал Теміртау» шығарындыларды 54% азайту бойынша міндеттемелер алды.

Айта кетейік, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы жалпы 11 міндеттен, олар бойынша 19 көрсеткіш және 48 іс-шарадан тұрады.