Ауыл балалары үздік оқытушылардан білім алады

Өмірге жолдама! Қазақстанның дарынды ауыл балалары еліміздің үздік оқытушыларынан тәлім алу мүмкіндігіне ие болды. «Birge oqý» жобасы шалғайдағы елді мекендердегі оқушыларымен мұғалімдерді байланыстыратын онлайн көпірге айналды. Жыл басынан бері  Елбасы Академиясының онлайн мектебі өз жұмысын бастады. Шәкірттер заманауи технологияларға негізделген оқу бағдарламасын меңгереді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұнда оқитындардың барлығы – білгеніне білім қосуға ұмтылып жүрген жігерлі балалар. Олар республикалық «Мың бала» олимпиадасының нәтижесінде іріктелген. Дәстүрлі білім бәйгесінің жеңімпаздары тегін оқу мүмкіндігіне ие. Бүгінгі таңда онда мың жарымнан астам 5-6-шы сынып оқушылары білім алуда.

Айжан Аршабаева, Елбасы академиясының «Birge oqý» онлайн-мектебінің үйлестірушісі:

- Осылайша, онлайн мектеп сапалы білім берумен қамтамасыз етудегі мәселелерді шешуге бағытталған бірегей жобаға айналды. Яғни оқушы Қызылорда облысы, мейлі Арал өңірінде болсын бірдей жағдайда білім алу мүмкіндігіне ие. Бізде тіпті ватсап сынды әлеуметтік желілер жұмыс істемейтін шалғайдағы ауылдардан шыққан дарынды балалар бар. Бастысы, жаңа білім алуға деген құштарлығы болса жеткілікті.

Оқу бағдарламасына қатысты бар үрдісті Академияның модераторлары мен үйлестірушілері қадағалайды. Олар жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін техникалық қолдау көрсетеді. Оған кеш қосылғандар сабақтардың бейне жазбасын көре алады. Сабақтар математика, қазақ, орыс, ағылшын тілдері сынды тек негізгі пәндер бойынша жүргізіледі.

Даяна Скендирова, «Birge oqý» онлайн-мектебінің оқушысы:

- Мұғалімдер сабақ барысын жақсы түсіндіреді. Бәрі түсінікті. «Birge oqý» онлайн мектебінде күніне шамамен бір сағат оқимыз. Мәселен сағат 11:15-тен 12:15-ке дейін. Маған түрлі тапсырмаларды орындаған ұнайды. 

Ұйымдастырушылар болашақта онлайн мектептің оқу бағдарламаларын кеңейтумен қатар оқушылардың санын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Алдағы жылы 10 мыңнан астам дарынды баланы қамту көзделуде. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов