Азық-түліктің қымбаттауына қатысты Сауда Министрлігі түсініктеме берді

Азық-түліктің қымбаттауына қатысты  Сауда Министрлігі түсініктеме берді

Шикізат, жанар-жағармай және логистика бағасының қымбаттауы Қазақстандағы азық-түлік бағасының өсуіне әкелді. Бұл туралы ОКҚ өткен брифинг барысында еліміздің Сауда және интеграция министрлігінің өкілі Айдар Әбілдабеков мәлімдеді. Спикер қант бағасының көтерілу себебін де атады. Бұл – Украинадағы оқиғаның кесірінен әлемдік геосаяси жағдайдың туындауы мен Ресейдің қант экспортына тыйым салғанына байланысты болып отыр. Бұған дейін қанттың 50 проценттен астамын Ресейден тасымалдайтын едік.

Айдар Әбілдабеков, ҚР Сауда және интеграция Министрлігі, Сауда Комитеті төрағасының орынбасары:

– Қантқа қатысты негізі барлығы дұрыс болатын. Елімізде қант жеткілікті еді. Алайда, қолдан жасалған дүрбелеңнің кесірінен бағалар күрт өсіп кетті. Доллардың өсуіне байланысты тауардың бағасы шамалы ғана өсетін еді, енді кішкентай сауда орындарында әлі де қант өте жоғары бағамен сатылып жатыр. Зауыттар жұмыс істей бастады, енді өңірлерге жеткізілетін болады. Менің ойымша жағдай жақсарады.

Азық-түлік нарығын жаңғырту, отандық өндірушілерге тауар орындарына қол жеткізулерін қамтамасыз ету, сондай-ақ өндірушіден бастап сауда нүктесіне дейінгі делдалдардың жұмысын қадағалау. Бұл ретте, жауапты сала өкілі азық-түлік бағасының одан әрі өсуіне жол бермеу шараларына тоқталды.

Айдар Әбілдабеков, ҚР Сауда және интеграция Министрлігі, Сауда Комитеті төрағасының орынбасары:

– Бізде картоп, май, ірі қара мал және ұсақ қара малды экспорттауға шектеу қолданылуда. Үкімет қант пен астықты экспорттауға да тыйым салды. Осылайша бұл өнімдердің бағасын ұстап тұруға болады. Біз жаһандық әлемнің бір бөлігі болғандықтан, бұл оқиғалардың бізге әсері тиері сөзсіз. Алайда, біз үшін басты міндет  - бағаның өсуін тежеп тұру.

Наурыз айында азық-түліктің әлемдік бағасы өзінің тарихи шыңына жеткендігін айта кеткен жөн. Жылдық есеппен баға – 30 процентке өсті.