Бір үйдің 5 баласы өрттен ажал құшты

Бір үйдің 5 баласы өрттен ажал құшты

Қостанай облысында өрттен қаза болған 5 баланың туыстарына психологтар қажетті көмек көрсетіп жатыр. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді. Оның айтуынша, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл де қазір оқиға орнында. 

Айта кетейік, бүгін таңғы 5-тер шамасында Жітіқара қаласындағы жер үйлердің бірінен өрт шыққан. Үйде 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, және 2023 жылы туған балалар болған. Үйдің ең үлкені аман қалды. Ал оқиға орнына жеткен құтқарушылар өртенген үйден түтінге тұншыққан 5 баланың денесін алып шыққан. От тұтанғанда аналары үйде болмаған, әкелері қамауда жазасын өтеп жатыр. Алдын ала болжам бойынша өрт пештен болған.

Динара Закиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл: 

– Өңірлік уәкіл оқиға орнында. Психологтар балалардың туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Ата-ана мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. 

Қостанай облысындағы 5 баланың өмірін жалмаған өрт оқиғасын еліміздің бас прокуратурасы бақылауға алды. Қазір сот алды тергеу амалдары жүріп жатыр.