Көпқабатты үйдегі тәртіп күшейді!

Көпқабатты үйдегі тәртіп күшейді!

Енді көпқабатты үйде темекі шегіп, ішімдік ішкендер, түнгі уақытта шулағандар жазаланады. Қысқасы, қомақты айыппұлдың астында қалуы мүмкін. Ал ол аз емес, 130 мың теңгеге дейін барады. Заң биылдан бастап күшіне енген. Тіпті көрші-қолаңның тыныштығын кір жуатын машинаны қосып, шаңсорғышты да қосып, мазасын алсаңыз, үйіңізге полиция келеді. Жаңа жылдан бастап тағы не өзгерді, Мақпал Рахат айтып берсін.

Жұрттың дегбірін қашырған мына видеолар әлеужеліде желдей есіп жүр. Бірі есікті аш деп қорқытып, камера арқылы суық қаруын кезенеді. Енді бірі үйінен шыққан қоқысты далаға апаруға ерініп, лифте қалдырып кетеді. Елде мұндай вандализмді болдырмау шаралары күшейтіліп жатыр.

Сырым Жаханов, Меншік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Әрине, мұндағы ұсақ-түйек бұзақылықтардың көбісі пәтерді жалдап тұратындардың арасында кездеседі. Бірақ қазір біз әр үйге кемі 40 камерадан қойдық.

Дегенмен, көпқабатты үйде тұратындарға да заң қатаңдайды. Өйткені биылдан ортақ үйде тұратындар үшін тәртіп қатайтылды. Мәселен, дәлізде темекі шеккендер 64 875  теңге, кіре беріске қоқыс мен арбаны қойып кететіндер 43 250 теңге төлейді. Ал түнгі уақытта шулап, той-думан жасайтындарға айыбы 21 мың теңгеден басталады. Сондай-ақ жұмыс күні түнгі 22.00-ден кейін шаңсорғыш пен кір жуатын машинаны да қосуға болмайды. Көршіңізге бұл жақпаса, полиция шақыруға құқығы бар.

Қуаныш Маралұлы, құқық қорғаушы:

- Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап, заңға түзетулер енгізілді. Бұл әсіресе тұрғындардың тыныштығын сақтауға бағытталған шара. Тұрғындар көршісінің шулағанын немесе тәртіп бұзушылықтарды көрсе, естісе бірден 102 ге қоңырау шала алады.

Біріңғай желіге келіп түскен қоңыраулар алдымен егжей тегжейлі қаралады, кейін тәртіпбұзушылық расталса, инспектор әкімшілік іс қозғай алады. Айта кетейік, заңдағы аталған түзетулер көпқабатты пәтердегі тәртіп бұзушылықтың алдын алып, бұзақылық әрекеттерге жол бермеуге бағытталған. Ең бастысы - тыныштық сақталуы керек. Бірақ мұндай бір ескеретін жайт бар. Баласы бар үй қайтпек керек? Кішкентай тұрғындардың да асыр салып ойнауы көршіңе ұнамас, қомақты айыппұлдың астында қалдырады.