Биыл Қазақстанға 1,4 млн дейін шетелдік турист келеді деп күтілуде
Ведомство бұл ең алдымен елімізге деген қызығушылықтың артып келе жатқанының белгісі екенін айтады. Соңғы кездері Қазақстанға Үндістан мен Германиядан саяхатшылар ағыны артқаны байқалады. Сырттан келген қонақтар Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Абай өңірлеріндегі демалыс орындарына жиірек таңдау жасайды. Айта кетейік, елімізде Tax free шетелдік туристерге салықты қайтарудың әлемдік тәжірибесі енгізілді. Азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алатын мемлекеттердің тізімі кеңейтілді.
Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Туристердің ағыны артып келеді. Әсіресе, Иран елінен келетін саяхатшылар қатары күрт өскені байқалады. Еске салайық, Мемлекет басшысының аталмыш елге жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша визасыз режимге қол қойылған болатын. Осы жылы Наурыз мейрамының қарсаңында Иран елінен келген 300 турист Маңғыстау облысының Ақтау қаласында болды. Қытай елі бойынша да дәл солай туристер саны артып келеді. Ресей, Түркия мен Орталық Азия елдерінен де келетін саяхатшылар ағыны қарқынды түрде өсіп келеді.
Ішкі саяхатшыларға келетін болсақ, олардың саны 8,6 миллион адамға жетті. Бұл пандемияға дейінгі деңгейден 2 миллионға көп.
Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Мәдениет және спорт министірлігінің 7 жылға арналған туризм саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2029-шы жылға дейін ішкі турстердің санын 11 млн адамға жеткізу көзделген. Пандемияға дейін олардың саны 6 млн адамнан сәл асқан болатын. Яғни, екі есеге ұлғайту мақсаты тұр. Бастысы қолжетімділік пен сапа.
Айта кетейік, мемлекет алдында 2029 жылға қарай Саяхат пен туризмді дамытудың жаһандық индексі рейтингінде кемінде 50 үздік елдің қатарына кіру міндеті тұр.