Қазақстандық 30 компания Alibaba платформасында «алтын жеткізуші» атанады

Тағы 30 қазақстандық компания Alibaba нарығында «Алтын жеткізуші» мәртебесіне ие болады. Халықаралық сауда алаңына шығару жөніндегі бағдарламаға қатысу үшін отандық кәсіпорындар арасында іріктеудің екінші кезеңі басталды. Еліміздің Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері платформада 44 ұйым «Алтын жеткізуші» мәртебесін алған. Бұл – ауыл шаруашылығы, дайын азық-түлік өнімдерін, машиналар мен жабдықтарды, көлік құралдарын, құрылғылар мен аппараттарды, сондай-ақ химия өнімдерін өндірушілер. Жалпы биыл маркетплейсте 70 отандық компанияны орналастыру жоспары тұр.

Ғалымжан Оразалин, «Qaztrade» АҚ электрондық коммерция департаменті директорының орынбасары:

Бағдарламаға қатысуға тауар өндірушілер де, делдалдар мен сауда компаниялары да өтініш бере алады. Премиум мәртебесі бар компанияларға қаражат төлеуден басқа, кәсіпкерлерге тексеру процедурасынан өтуге, сауда платформасында веб-сайттарды жасауға қол ұшы беріліп, сондай-ақ, барлық сұрақтар бойынша кеңестер мен қолдау мүмкіндігі беріледі.  «Алтын жеткізуші» мәртебесі компанияларға іздеуде, өнім сапасын растауда, жеткізушінің тексерілген заңды тұлға екендігіне басымдық береді.

Сарапшының айтуынша, қазақстандық азық-түлік өнімдері қолжетімді бағамен жоғары сапалы органикалық өнім ретінде өзін танытты. Мысалы, Alibaba платформасында отандық бал 2020 жылдан бері ең көп сұранысқа ие өнімдердің бірі. Бүгінгі таңда сауда алаңында барлығы 5 мың қазақстандық тауар орналастырылған. Отандық компаниялардың В2В маркетплейс арқылы жалпы сатылымы 2020 жылдан 2022 жылға дейін 300 млн доллардан асты. Сондай-ақ тағы бір қытайлық маркетплейс JD.com 25 қазақстандық брендтің өнімін ұсынуда.