Бизнесте әйелдер саны артып келеді

Бизнесте әйелдер саны артып келеді

Қазақстандағы шағын және орта бизнес иелерінің 45% нәзік жандылар. Олардың көпшілігі мүлдем жаңа идеяларға сүйеніп, стартаптарын құруда. Ал қызықты жобалар қомақты қаржы әкелетіндей іске айналады.

Рината Илюбаева – екі баланың анасы. Дегенмен отбасылы болуы іскерлік ортадан табылуына еш кедергі келтірмейді. Ол – компаниялар тауар жеткізуші контрагенттерін тексеруге мүмкіндік беретін бірегей платформа құрған стартапшы.

Рината Илюбаева, жобаның негізін қалаушы:

- Біз бұл стартапты 2018 жылы құрдық. Осы уақытқа дейін ірі компаниялар өздерінің контрагенттерін мүмкіндіктері жеткенше тексеріп келді. Олар Egov порталына кіріп, ЭЦҚ арқылы авторизацияланды. Біз 20-дан астам түрлі дереккөзді бір платформаға біріктірдік. Соның арқасында 3-ақ минут ішінде толық ақпаратты шығарып береміз.

Ал Әсем, Дана және Мария есімді үш курстас – қоғамға аса қажетті әлеуметтік жобаның негізін қалаушылар. Олар ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына көмектесетін «Ozim» атты платформа құрды. Жоба авторлары ата-аналардың ақпараттық қажеттіліктерін анықтауда зерттеу жүргізіп, деректерге сәйкес мобильді қосымша ойлап тапты.

Әсем Тәжиева, жобаның негізін қалаушы:

- Пандемия басталғаннан бері көптеген ата-ана қолдаусыз қалды, себебі дәстүрлі орталықтар оффлайн режиміне өтті. Осылайша адамдар өз мәселелерімен оңаша қалды. Сондықтан біз командамызбен ата-аналарға бірыңғай платформа керек деп түсіндік те, тек құқықбұзушылықтар ғана емес, сонымен қатар ата-аналар бір бірімен тілдесуге болатын, ақпарат алмасатын құрылғыны шығардық.

Енді ата-аналарға қажетті ақпаратты табу үшін ғаламторды шарлаудың керегі жоқ. Себебі стартапшы қыздар барлығы бір жерге жиналған, кәсіби мамандардың ең өзекті сұрақтарға жауап жазылған көмекші құралды шығарды.

Мария Ипполитова, жобаның негізін қалаушы:

- Ата-аналар үйде баламен бірге жаттығуға, оған массаж жасауға және басқа да қажетті сұрақтарға теориялық және практикалық материалдар алады. Ал егер біз мамандар туралы айтатын болсақ, бұл – олардың өздерін көрсетуіне, білімдерімен бөлісуіне, материалдарын жариялай алатын, диалог жүргізетін алаңдары.

Бұл жобалардың барлығын жүзеге асыруға Astana Hub мүмкіндік берді. Халықаралық технопаркте стартаптардың басым көпшілігін әйел адамдар жүзеге асыратынын айтады.

Меруерт Тілеубергенова, Astana Hub бизнес-бағдарламаларының менеджері:

- Мен стартапшы қыздардың саны күн өткен сайын артып келе жатқанын байқап жүрмін. «Такси 5+», сұлу және т.б. сияқты ірі жобаларды мысалға келтіруге болады. Қыздар – осы стартаптардың негізін қалаушылар.

Әйелдер стартапы әр алуан. Егер кейбір нәзік жандылар өздерін ірі бизнесте жүзеге асырса, басқалары әлеуметтік салаға назар аударып, ел тұрғындарының мәселелерін шешеді. Қазақстанда статистика бойынша шағын және орта бизнес иелерінің 45% нәзік жандылар екенін айта кеткен жөн.

Авторы: Ақзер Сегізбай