БҰҰ Бас Ассамблеясының жиыны Семей полигонының жабылуына арналды

БҰҰ Бас Ассамблеясының жиыны Семей полигонының жабылуына арналды

Қазақстанның антиядролық тәжірибесі өзге елдерге үлгі. Өйткені ядролық қарусыз әлем қалыптастыру мәселесі өзектілігін әлі күнге дейін жоғалтқан емес. Ал Қазақстан жаһандық қауіпсіздікті құру бастамасын осыдан 30 жыл бұрын көтерген еді. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында кеңінен айтылды. Биылғы 12-ші мәрте өткізіліп отырған пленарлық отырыс Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнеүндеуімен ашылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Ядролық қарудан азат әлем қозғалысында алдыңғы шептегі елдер арасында біздің Қазақстанның алатын орны ерекше. Еш үрейсіз, адамзаттың келер күнге үлкен сеніммен өмір сүруге деген құлшынысы қазақстандықтардың ұлттық өзін-өзі тануының маңызды бөлігіне айналды. Барлық елге ядролық қарусыз-ақ алға ұмтылу және өркендеу мүмкін екендігін көрсету – Қазақстанның құрметті миссиясы болды. Уақыт дәлелдеді, біз жаңа, жас мемлекеттің шынайы күші неден тұруы керек екенін өзіміз үшін анықтай алдық. Менің ойымша, жоғарыда аталғандардың бәрі маған әлемдік қоғамдастыққа қазақ елін үлгі тұтуға және бүкіл әлем бойынша қазақстандық тәжірибені қолдануға шақыру мен үндеуге моральдық құқық береді.

Дәстүрлі жиынға әлемнің жүзге жуық елінен қатысқан делегация өкілдері, Қазақстанның батыл қадамы маңызы терең тарихи оқиғаға айналғанын мәлімдеді.

Роберт Флойд, Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының басшысы:

- Бас Ассамблеяның биылғы жиыны Қазақстан үшін ғана емес, барлық ел үшін де маңызды. Себебі Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру жолында өте үлкен үлес қосты деуге болады. Алдағы уақытта Қазақстанның салып кеткен үлгілі  бастамасын жалғастырып, ядролық сынақтарды тоқтату үшін жұмыс істейміз.

Бас Ассамблеяның пленарлық отырысынан кейін Семей ядролық полигонына арналған арнайы фотокөрме ұйымдастырылды. Аталмыш экспозицияда «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының тарихы, сол кездегі ядролық сынақтардың құрбандары мен  Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпау ісіне қосқан үлесі туралы фотосуреттер қойылды.